Ұлпалар, жалпы сипаттама. Эпителиалдық ұлпа, морфологиялық жіктелуі

Жоғарыда айтқанымыздай, гистология — жануарлар организмдерінің түрлі ұлпаларының құрылысын, қызметін және дамуын зерттейтін ғылым.

Ұлпа дегеніміз белгілі функцияны атқаруға арналған құрылысы ұқсаса тарихы қалыптасқан клеткалар мен клеткааралық заттардың комплексі. Ұлпалардың микроскопиялық құрылысы мен функциясын зерттеудің негізінде Франс Лейдиг 1853 жылы олардың бірінші классификациясын ұсынған болатын. Оның классификациясын Альберт Келликер 1855 жылы жарық көрген өзінің гистологиялық оқулығында пайдаланған. Лейдиг Келликер ұлпаларды төрт топқа бөлген: 1. Эпителиалдық ұлпалар. 2. Дәнекер ұлпалары. 3. Бұлшық ет ұлпалары. 4. Нерв ұлпасы.

Ұлпалардың осы төрт типін А.А. Заварзин екі топқа біріктіруді ұсынған: 1. Жалпы маңызды ұлпалар. Бұған эпительиалдық ұлпалар мен дәнекер ұлпалары жатады. 2. Маманданған ұлпалар (бұлшық ет ұлпасы мен нерв ұлпасы). Эволюция процесінде алдымен жалпы маңызды ұлпалар пайда болған, “мамандалған ұлпалар” филогенетикалық дамудың кейінгі кезеңінде бөлініп шыққан. Әрбір ұлпаның құрамында дамудың әртүрлі кезеңдеріндегі клеткалық элементтер кездеседі.

Шала жіктелген клеткаларды А.А Заварзин камбиялық клеткалар деп атаған. Камбиялық элементтерден жоғары дәрежеде жіктелген, мамандалған элементтер пайда болады. Камбиялық клеткалар көбейе алатын болса, мамандалған клеткалар ондай қабілетінен айрылған.

Эпителиалдық ұлпа, оған тән белгілер.

Эпителиалдық ұлпаны шекаралық ұлпа депте атайды. Эпителий деген термин гректің екі сөзінен құралған “Эпи” – үсті және “телий”- еміздікше яғни еміздікшелерді жауып тұрады деген ұғымды білдіреді. Дәнекер ұлпалар еміздікшелерінің үстінде орналасқан ұлпаны эпителий деп атап, бұл терминді алғаш рет Рюйеш қолданған.Эпителий дененің барлық сыртқы беті мен серозалық қабықшаларды қаптайды және организмнің көптеген бездерін құрайды. Эпителиалдық ұлпа клеткалардан – эпителиоциттерден тұрады. Эпителийге мына төмендегі белгілер тән:

  1. Эпителий – организмді сыртқы немесе ішкі ортадан бөліп тұратын және олармен байланысты қамтамасыз ететін шекаралық ұлпа.

2.Эпителийдің клеткалары қабат құрап орналасады.

3.Эпителиалдық ұлпаның негізгі массасын клеткалар құрайды.

4.Эпителий үнемі сыртқы ортаның әсерінде болады, соған байланысты олардың регенерациялық (қалпына келу) қабілеті жоғары.

5.Эпителиалдық клеткалардың құрылысы полярлы келеді. Базальдық және апикальық бөліктері құрылысымен қызметі жағынан бірдей болмайды. Мысалы, ішектің эпителиалдық клеткаларының апикалық бетінде микробүрлер болады, ішкі торлы аппарат ядроның үстіңгі аймағында орналасқан, ал клеткалардың базалдық бөліктерінде микробүрлер мен торла аппараттың элеметтері болмайды. Эпителий клеткаларының полярлы болуы олардыа шекарада орналасуына байланысты.

  • Эпителий базальдық мембрананың үстінде жатады. Базальдық мембрана эпителий –клеткалары мен оның астындағы дәнекер клеткаларының тіршілік әрекеттерінің әсерінен пайда болады және осы екі ұлпаны, бір жағынан, бірін – бірінен бөліп, екінші жағынан, оларды біріктіріп, біртұтас комплекс құрайды. Эпителийдің қоректенуі базальдық мембрана арқылы диффузиялық жолмен қамтамасыз етіледі.
  • Эпителийде нерв талшықтары көп болады, ал қан мен лимфа тамырлары болмайды. Эпителийдің негізгі қызметі өзінің астында орналасқан дәнекер ұлпасын қоғау. Сонымен бірге кейбір жағдайларда белгілі эпителиалдық клеткалар секрет бөлу және сіңіру функцияларын да атқарады.

Эпителийдің морфологиялық жіктелуі.

Эпителийдің құрылыс еркшелігіне негізделген. Бұл жіктелу бойынша эпителийлерді бір қабатты және көп қабатты деп бөледі. Бір қабатты эпителий бір қатарлы және көп қатарлы болып бөлінеді. Эпителийлерді клеткаларының пішініне қарай жалпақ, куб пішінді, цилиндр тәрізді деп ажыратады.

Функциялық жіктелуі.

Жануарлардың көпшілігінде эпителидің мына типтерін ажыратуға болады.

  1. Жабушы тері эпителийі;
  2. Кілегей қабықшалардың эпителийі;
  3. Дененің екінші қуысын астарлап тұратын серозалық қабықшаларының эпителийі (плевралақ, перикардиалық және құрсақ қуыстарының );
  4. Ішкі органдардың паренхимасының эпителийі (альвеолалық, бүйрек, эпителийі, гонадалар мен бездердің эпителийі т.б.)