Мазмұнға өту
Басты бет / Картотека /

«Ұлттық қор – балаларға». Баланың шотына түскен ақшаны қалай тексереміз?

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
2024 жылғы қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Екі жылдан бері еліміздегі 18 жасқа толмаған әр баланың шотына Ұлттық қорының жыл сайынғы табысының 50%-ы түсіп отырады. Жобаның бас мақсаты – мұнайдан түсетін ұлттық байлықтың бір бөлігін әр балаға жинақтап, болашақта білім немесе баспана алуын қаржылай қолдау.
Ата-ананы мазалайтын сұрақ – «Баланың шотына түсіп жатқан қаражатты қайдан және қалай көруге болады?». Baribar.kz бұл материалда жоба қалай істейтінін, шотты бақылау жолдарын, мәлімет қате болса, не істеу керек екенін және қаражатты болашақта қалай алуға болатынын түсіндіріп береді.

1. Балаға арнайы шот ашу керек пе?

Жоқ. «Ұлттық қор – балаларға» - автоматты режимде істейтін жүйе. Қазақстанда тіркелген әр азаматтың баласына жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысынан есептелген міндетті аударым жасалады. Бұл үшін арнайы шот ашудың қажеті жоқ. Баланың жеке шоты БЖЗҚ базасында автоматты түрде ашылады.

2. Әр балаға қанша доллар түседі?

Белгіленген нақты сома жоқ. Қаржы көлемі Ұлттық қор активтерінің табысына қарай, жыл сайын өзгеріп отырады. Қор көп табыс тапса, аударым да көбірек болады.

Мысалы, жоба іске қосылған 2024 жылы әр баланың шотына 100 АҚШ доллары түсті. Ал биыл әр балаға 129,38 доллар аударылды. Демек, бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың жинақ қорында 232,94 АҚШ доллары бар.

Қордағы қаржы бойынша есеп АҚШ долларымен жүргізіледі, себебі Ұлттық қордың активтері шетел валютасымен сақталады.

3. 2024 жылы уәде етілген қаржы неге толық түспеді?

2024 жылы есеп бойынша әр баланың шотына шамамен 150-160 доллар түсуі керек еді. Алайда әр балаға 100 АҚШ доллары аударылды.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Ұлттық қордан балалардың шотына неге 160 доллар емес, 100 доллар түскенін бала туу көрсеткіші өскеннен деген еді.

«Тоқаев  Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаражат аудару туралы 2022 жылғы жолдауында айтты.  Сол кездегі есеп бойынша, президент тапсырмасына сәйкес 18 жасқа дейінгі әр баланың жеке есепшотына 150-160 АҚШ доллары түседі деп бағамдадық. Ол  кезде еліміздегі кәмелет жасқа толмаған балалардың саны 6 миллион 400 мың еді. Кейін балалардың саны 6 миллион 917 мыңға жетті. Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың сомасы – 695 миллион  доллар.  Осы соманы 6 миллион 919 мың 131 балаға бөлгенде 100 доллар 52 центтен аударылды», – деген еді вице-министр.

4. Ақшаны шешіп алуға бола ма?

Жоқ. Балаға ашылған шот - кәдімгі банктегі жеке есепшот емес, нысаналы жинақ шоты. Сондықтан оған түсетін қаражатты шешіп алып, күнделікті қолдануға болмайды. Жиналған қаражатты бала 18 жасқа толған соң оқу ақысын төлеу үшін немесе баспана алу үшін ғана қолдана алады.

Ұлттық қор балаларға
Скриншот: «Отбасы банк»

5. Қордан түскен ақшаға салық салына ма?

Жоқ, жиналған қаражат жеке табыс салығынан босатлыған.

6. Баланың шотына түскен ақшаны қалай тексеруге болады?

Баланың шоты бар немесе жоқ екенін, бар болса түскен қаражатты тексерудің бірнеше жолы бар.

  1. ЕGov.kz арқылы. Порталдағы Digital Documents бөліміне кіріп, «Отбасы» бөлімін таңдағанда балаңыз тіркелген болса, оның аты-жөні және «Ұлттық қор – балаларға» бойынша есептелген қаражат туралы ақпарат шығады. Мұнда бала туралы негізгі ақпарат, шотқа аударылған жылдық сома және аударылған ақшаның есептелген күні көрсетіледі.

Балаңыздың дерегі көрінбей тұрса, «Балалар туралы ақпаратты жаңарту» қызметі арқылы түзету енгізе аласыз. Кейде баланың туған күні, аты-жөнінде өзгеріс болса немесе басқа аймаққа тіркелгенде базаға енбей қалуы мүмкін.

  1. Кids.enpf.kz порталы – БЖЗҚ жасаған арнайы сервис. Мұнда ата-ана баласының ЖСН-сын енгізіп, оның нысаналы жинақ сомасын көре алады.

Kids.enpf.kz сайтында инвестициялық кіріс пен жылдар бойынша толық статистика да бар. Портал баланың шотындағы қозғалысты егжей-тегжей бақылағысы келетін ата-ана үшін ыңғайлы.

Ұлттық қор балаларға
Скриншот: Kids.enpf.kz/

  1. Әкімдік немесе ХҚКО арқылы ақпарат алу

eGov немесе enpf порталдарында техникалық қате болса, баланың дерегі дұрыс шықпаса, жергілікті әкімдік пен ХҚКО тексеруге көмектеседі. Ата-ана жеке куәлігі пен баланың туу туралы куәлігін апарып, ақпараттың дұрыс тіркелгенін нақтылай алады.

7. Баланың шотындағы қаражат көрінбесе, не істейміз?

Балаңыздың шотындағы қаражат көрінбесе, оның бірнеше себебі болуы мүмкін.

Баланың дерегі мемлекеттік базада дұрыс тіркелмеса, ақпарат шықпайды. Бала басқа аймақта тіркелсе немесе ата-анасының бірінің ЖСН-сы дұрыс көрсетілмее де базадан көрінбейді. Сондықтан барлық ақпараттың дұрыс-бұрысын тексеріп алыңыз.

Кейде баланың туу туралы куәлігі мен мәліметі ескі формат арқылы енген болса да, қажет ақпаратты ала алмайсыз. 2020 жылға дейінгі кейбір құжатта ақпарат электрон базаға толық енбеген. Сондықтан қайта енгізіп көріңіз.

Мәліметті жаңартқан соң, қордан түскен ақша автоматты түрде көрінеді, себебі жүйе баланың ЖСН-сы арқылы тіркелген.

8. Бала қаражатты оқуын төлеуге немесе үй алуға жұмсамаса, не болады?

Бала 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл ішінде қаражатты жұмсауы керек. Ал жаратпаса, қаражат автоматты түрде оның жеке зейнетақы шотына аударылады.

9. 18 жасқа толмай, қайтыс болған баланың ақшасы қорға қайтарыла ма?

Жоқ. Кәмелетке толмаған бала қайтыс болса, ата-анасы бала 18 жасқа толған соң Ұлттық қордағы қаражатын ала алады немесе жиналған қаражат туған бауырлары арасында тең бөлінеді.

10. Ақша жыл сайын түсе ме?

Иә. Алайда аударым көлемін қаржы министрлігі жыл сайын Ұлттық қордың табысына сүйеніп есептейді. Мемлекет баланың шотына қаражат жыл сайын аударылатынына кепілдік береді.

11. Ақшаны бірден емес, бөліп қолдануға бола ма?

Иә, болады. Бала 18 жасқа толғанда және Қазақстан азаматы болса, шоттағы ақшаны толық емес, қажетіне қарай бөліп-бөліп пайдалана алады. Қанша рет қолданса да шектеу жоқ, бастысы, ақша мақсатқа сай қолданылуы керек.

12. Бала 18 жасқа толған соң қаражатты қалай жұмсайды?

Баспана үшін:

  1. 18 жас толғаннан кейін БЖЗҚ-дағы жеке кабинетін тексереді.
  2. Отбасы банкінен жинақ шотын (депозит) ашады.
  3. БЖЗҚ порталы арқылы немесе бөлімшесіне бару арқылы «Ұлттық қор – балаларға» шотынан қаражатты Отбасы банкіндегі депозитке аудару туралы өтініш береді.
  4. БЖЗҚ қаражатты тексеріп, Отбасы банкіне аударады.
  5. Қаражат депозитке түскен соң:

– пәтер алуға;

– тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға;

– отбасындағы басқа балалармен ортақ депозит ашуға болады.

Білім алу үшін:

  1. 18 жасқа толған азамат ЖОО/колледжден оқу шарты мен төлем реквизиттерін алуы керек.
  2. БЖЗҚ-на «Оқу ақысын төлеу» мақсатында қаражат аударуға өтініш береді.
  3. БЖЗҚ өтінішті тексеріп, оқу орнымен хабарласады.
  4. Тексеру аяқталғаннан кейін қаражат тікелей оқу орнының шотына аударылады.