Әйгерім Нұқпаева сүйек сорпасын қайнатып, оны сатып, кәсібін жүргізіп жүр. Өніміне SorpaLine деген атау берген. Оның сорпасының ерекшелігі — бір тәулік бойы қайнататынында. Мұндай сорпа несімен пайдалы? Адамдар оны неге жаппай сатып алып жатыр? Baribar.kz тілшілері кәсіпкермен сұхбаттасып, өнімі туралы біліп қайтты.

Сүйек сорпасының пайдасы қандай?

Әйгерім бір жылдан бері сорпа қайнатып жүр. Оны шыны құтыға немесе пластик қалтаға құйып сатады. Өзінің айтуына қарағанда, оның сорпасы кәдімгі үйде өзіміз әзірлеп жүрген түрінен өзгеше. Себебі ол сорпаны арнайы рецепт бойынша дайындайды. Сорпасының бірден-бір ерекше тұсы — сүйектің бір тәулік бойы қайнайтынында. Әйгерім осылай әзірленген сорпаның денсаулыққа пайдасы мол дейді.

«Ет — етке, сорпа — бетке» деген сөз бар. Осы сөзден-ақ қазақ халқы сорпаның пайдасын бұрыннан білгенін аңғаруға болады. Қазір бетімізге коллаген өнімдерін жағып жатамыз. Міне, осы сорпада сол коллаген ақуыздары бар, — дейді ол.

Әйгерімнің айтуынша, сорпаның құрамында ағзаға керектінің бәрі — ақуыз, дәрумен, калий, магний, фосфор сияқты түрлі минерал, 19 түрлі аминқышқылы бар. Сорпа иммунитетті көтереді, буыны ауыратын адамдарға оң әсер етеді, ішек жолын тазартады. Адамның ішек жолы дұрыс болған соң, шашының да, бетінің де, асқазанының да күйі жақсы болады. Сүйек сорпасын рационына тағам өнімін қосқан тоғыз айлық баладан бастап, тоқсандағы қарияға дейін ішуіне болады.

Сорпаның өзін де іше алады немесе күнделікті пісіріп жүрген тағамға қосып жіберуге де болады, — дейді ол.

сорпа
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әйгерім былтыр кәсібін бастағанда алғаш төрт литр сорпа сатқан. Ал бүгінде оны сатып алатындар көбейген. Қазір ол аптасына үш рет сорпа қайнатады. Оның бір литрін 3100 теңгеге сатады. Ол өзінің өнімін Sorpaline деп атаған. Атауын «айналайын» деген сөзге әдейі ұқсатып қойған. Себебі аспаз сорпасы арқылы адамдар өзіне, жақындарына қамқор болғанын қалайды екен.

Бір күні Құдай мені Торғын Жолдасбекқызы деген жазушы қызбен таныстырды. Жақсы араласып, жақын досқа айналдық. Екі жылға жуық пәтерде бірге тұрдық. Торғын миллион адамның бірнешеуінде ғана кездесетін Эрба-Рота синдромына шалдыққан еді. Ағзасы өздігінен ақуыз өндіре алмайтын, салдарынан бұлшықеті күннен-күнге әлсіреп отырады. Ал сүйек сорпасында ақуыз көп. Сол кезден сүйек сорпасын қайнататындарды іздей бастадық. Тіптен бір құрбымызға осыны қолға алып сатсаң, сатуына да көмектесеміз дедік. Өзім қайнатуға, шыны керек, еріндім. Сөйтіп сорпа тақырыбы біраз уақытқа дейін ұмытылды. Оның орнында құрамында ақуызы көп тағамдарды рационға қостық, — дейді Әйгерім.

Торғын Жолдасбекқызының бұл диагнозымен қоса, ұн тағамдарына аллергиясы болған. Ол диагноздың аты — Целиакия.

Тек қолы ғана икемге келетін Торғын өмірсүйгіш, қайсар еді. Соңғы демі шыққанша жұмыс істеуін тоқтатпады. Ағзасы күннен күнге нашарласа да, оны күтуін тоқтатпады. Сөйтіп ол менің денсаулыққа, тағамға деген ойымды өзгертті. Екі жылда бір университеттің білімін алып шыққандай болдым. Былтыр Торғын өмірден өтті. Оның қалай сөнгенін, жалпы адам ағзасының біртіндеп қалай істен шығатынын өз көзіммен көрдім. Бұл жағдай да денсаулыққа қатысты көзқарасымды өзгертті, — дейді ол.

Әйгерім Нұқпаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әйгерім сүйек сорпасы туралы қайдан білді?

Әйгерім рухани деңгейде сырласатын құрбысы Торғынның жағдайы нашарлағанын көріп, іштей қатты күйзелген. Салдарынан шашы жылдан аса бір орында өспей тұрып алған. Дәрігерлерді аралап, түрлі маска жасап жүргенде, пайдалы лайфхактардың ішінен сүйек сорпасы туралы тағы естіп қалады. Сөйтіп сүйек сорпасы жайлы ізденісті бастап кетеді.

Әуелі сорпаның пайдасы туралы ақпарат жинадым. Пайдалы ас екеніне көзім жеткен соң, оны әзірлейтін адамдарды іздедім. Сөйтіп Шымкенттен бір қызды, Астанадан бір қызды тауып алдым. Олардың қаласына арнайы барып, танысып, қалай дайындайтынын көріп қайттым. Сүйек сорпасы — Түркия халқының күнделікті ас мәзіріне кіретін, ол елде кеңінен танылған ас екен. Онда сүйек сорпасын сататын супермаркеттерге кіріп, қалай әзірлейтінін біліп қайттым. Татарстандағы аспаздан шамамен 500 мың теңгеге сабақ алдым. Бұл іске «суға сүйек сала салу» деп қарағым келмеді. Оны барынша дәмді әрі адам ағзасына пайдалы ету үшін білімімді жетілдірдім. Кейін өзімнің арнайы рецебімді ойлап тауып, сата бастадым, — дейді аспаз.

Әйгерім Нұқпаева
Әйгерім Нұқпаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сүйек сорпасын қалай әзірлейді?

Қазір Әйгерім шағын ғана бір бөлмені жалдап отыр. Ол жерді өзіне қажет техникаға толтырып қойыпты: пеш, газ, тоңазытқыш және тағы басқа. Ол сорпаны 40 литрлік екі ыдыста қайнатады, бірақ екі ыдысты қосқанның өзінде, шамамен 36-40 литр сорпа алады. Сорпаны сиырдың жілігінен әзірлейді. Ол сүйекті халал екенін растайтын сертификаты бар қасапшыдан сатып алады екен.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кәсібімді алғаш бастағанда сүйекті көтерме нарықтан сатып алатынмын. Ол кезде малдың қаншалық өз жөнімен сойылып-сойылмағанын нақты білмейтінмін. Барынша таныс адамнан алуға тырысып жүрдім. Кейін өнімімнің толық халал болғанын, адамдар еш алаңсыз, уайымдамай іше алғанын қаладым. Сөйтіп қазір тек бір сенімді қасапшыдан алып отырамын, — дейді.

Әйгерім сүйек сорпасын өзінің авторлық рецебі бойынша қайнататындықтан, оның қалай әзірленетінін толық айтпады. Дегенмен жалпы процесті түсіндіріп берді. Әуелі сүйек сатып алады. Жақсылап жуып, тазалайды. Сосын сүйекті пеште 40 минут пісіреді.

Кейбір сорпадан көбіне ұнай бермейтін иіс немесе дәм шығып тұрады. Сүйекті әуелі пешке пісіріп алса, сол артық иіс пен дәм кетеді, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Пешіміз кішкентай болғандықтан, барлық сүйек сыймай жатады. Сол себепті сүйекті бөліп-бөліп, пісіреміз. Мұның өзіне жалпы сегіз-тоғыз сағатымыз кетеді. Сонда қарап тұрсаңыз, жалпы сорпа дайындау процесіне 24 сағат емес, 36 сағаттай кетеді екен, — дейді ол.

40 минут пеште піскен сүйекті алып, сорпа қайнатуға арналған үлкен ыдысқа салады. Оған су құйып, қайнатады. Бір қайнаған соң, суын төгіп тастайды да, қайтадан таза су құйып, қайнатады. Сорпаға тұз, кішкене уксус қосады. Дәмін келтіру үшін пияз, сәбіз сияқты көкөністерді қосып, кейін алып тастайды. Сорпаны бір тәулік бойы баяу отта қайнатады.

Уксус пайдалы минералдарды жақсы бөледі. Сорпа да баяу отта ұзақ қайнаған сайын, соншалық дәмді, пайдалы болады, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Әйгерім Нұқпаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл сорпаны тоңазытқышта бес күн, ал мұздатқышта 90 күн сақтауға болады. Ұзақ мерзімге алатын адамдарға сорпаны арнайы пакетке салынған, қатырылған түрін алған тиімді.

Әйгерімнің айтуынша, бұл сорпа денсаулығын жақсартқысы келетін адамдар үшін ғана емес, уақытын үнемдегісі келетіндер үшін де ыңғайлы. Тоңазытқышқа салып қояды да, қалаған уақытында ішеді немесе тамаққа қосады. Әйгерім бүгінге дейін өзіне белгілі аудиторияға — денсаулығына мән беретіндерге сатып жүрген. Ендігі мақсаты — адамдардың осындай сорпаны күнделікті тағам рационына енгізіп, дұрыс тамақтануды өмірлік ұстанымы етуіне көмектесу және Sorpaline-ды танымал брендке айналдыру.

Әйгерім Нұқпаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz