Назарбаев Кәрім Мәсімовтың премьер-министрліктен кету себебін түсіндірді

Кеше премьер-министр Кәрім Мәсімов ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Ал, Премьер-Министрінің міндеттерін уақытша атқару Бақытжан Сағынтаевқа жүктелді. Мемлекет басшысының Өкімімен ҚР ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Владимир Жұмақанов Қазақстан Президентінің кеңесшісі қызметін атқаратын болды.

«Үкiметте болып жатқан өзгерiстердi естiп-бiлiп отырсыздар. Оның өзiнiң логикасы бар. Бiрiншiден, қауiпсiздiкті күшейту, нығайту, деңгейiн көтеру мәселесi бар. Одан кейiн Кәрiм Мәсiмов өзiнiң келiсiмiмен қажеттi жерге барып отыр. Бұл қазiр өте қажеттi болып тұрғанын көрiп отырсыздар. Терроризм, басқа жағы да бар. Тәжiрибесi бар, республиканың жағдайын бiледi деп қойдым», — дейдi Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Премьер-министрдiң босатылуына байланысты Үкiмет қазiр отставкаға кеттi.

«Көп созбай, бәрiн шешеміз. Жаңа басшылар, жаңа министрлер болады. Онша көп өзгерiс бола қоймас деп санаймын. Себебi, Үкiмет өз жұмысын қиын-қыстау жағдайда орындап отыр. Бүгiн жылдың аяғына дейiн не iстейтiнiмiздi келiсiп алайық», — дейдi Елбасы.

ДереккөзBnews.kz