Шоқанның әкесі Шыңғыс сұлтан – Абылай ханның тікелей ұрпағы. Шыңғыс сұлтанға ұлының өлімін естірту жанындағыларға өте қиын болады. Ел бірауыздан келісіп, хабарды естіртуге Тезек төрені жібереді. Бірақ Тезек төренің киелі шаңыраққа қаралы хабарды жеткізуге жалғыз баруға батылы жетпейді. Сөйтіп қасына Келдібек би мен Әлібек батырды ертеді. Қаралы топ Шыңғыс сұлтанның үйіне келіп түседі. Келсе, сұлтан іштей сескеніп отыр екен.

Келдібек би:

– Төре, дүниеде не қымбат? – дейді.

– Адам қымбат, – деп жауап береді Шыңғыс сұлтан.

– Адамға не қымбат?

– Бала қымбат, егер сүйеніш болар перзент болса.

– Жансызда не қымбат екен, сұлтаным?

– Жансызда қымбат гауһар деуші еді…

– Теңіздің тұңғиық түбінде жатқан сол гауһардың да иесі бола ма?

– Е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой.

– Егер жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсысы алар еді? – дегенде Шыңғыс төре:

– Ең күштісі алады, – дейді де, өз санын бір соғып:

– Менің гауһарым Мұхаммедханафияға тағдырдың оғы тиген екен ғой, – деп өкіре жылап, жер бауырлап жатып қалыпты.

Сонда Келдібек би тоқтау айтып:

– Уа, сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз берді, құнсыз алды, не шара! – деп төңірегіне көз тастағанда ғана үйде отырғандар түгелдей көріседі.

Сыртқа шықса, Шыңғыс төренің ауылының маңына қарақұрым адам жиналған екен.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!