13 жасар Сырымның ханға берген жауабы

Сырым 13 жасында бір құшақ отын алып, хан ордасынан өтіп бара жатқанда Нұралы хан оны сыртынан бақылап, сынамақ болып қасына шақырады.

Қасына тайсалмай табандап жетіп келген балаға хан:

 – Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетіледі. Кім екеніңді білмеймін, бірақ ауыл сыртынан отын ұрлап, есің неден кетті сен баланың?! – дейді.

Сонда Сырым:

– Тақсыр, даланың отыны – олжа, суы – нұрлық. Біреудің малы мен ақысын жеу болар ұрлық, – деп жөніне кетеді.

Малайсарының өзін селт еткізген Сырым

Сырым Датұлы 26 жасында жолдастарын ертіп, Нұралы ханның ордасына келеді. Ордаға кіріп, ханға сәлем береді. Нұралы хан Малайсары бимен әңгімелесіп отыр екен. Хан ішке кірген жігіттерді елемеген кейіп танытып, әңгімесін жалғастыра береді. Сонда Сырым жолдасына:

– Жүр, досым, кетейік. Бұлар бізді адам санап отырған жоқ қой!, – дейді. Мұны естіген Малайсары:

– Ата тұрып ұл сөйлегеннен без,

Ана тұрып қыз сөйлегеннен без.

Сырнайдай сарнаған мына бала кім өзі?, – дейді. Сонда Сырым:

Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар, Ана тұрып қыз сөйлесе, бой жеткені болар, – дейді.

– Қарағым, сен толған, ал мен тозған екенмін. Кім болсаң да төрге шық, – деген екен сөзден жеңілген Малайсары батыр.

Бөкен би мен Сырым батыр

Жастай шешендігімен әрі батылдығымен көзге түскен Сырым батыр Бөкен биге сәлем бере барады. Оқиға шамамен 1780 жылдардың орта шегі болса керек. Сәлем беріп, төрге шыққан жас жігіттен Бөкен би:

– Қай баласың?, – деп сұрайды.

– Даттың баласыман, – дейді Сырым.

– Қой баға алмайтын жаманнан қолақпандай ұл туады екен-ау!, – дейді Бөкен би. Сонда Сырым:

Отындық ағаштан оқтық мүсін шығады деген бар емес пе? Шал атаулының үш түрі болады деп айтушы еді. Біріншісі – қадірсіз, екіншісі – қазымыр, үшіншісі – қыдырма шал. Ақсақал, өзіңіз осы үшеуінің қайсысына жатасыз?, – деп сұрайды.

Сонда Бөкен би селт етіп, орнынан ұшып тұрып:

– Балам, қадірсіз десең, халқымнан сұра, қазымыр десең, қатынымнан сұра, қыдырма десең, көршімнен сұра, – деп Сырымға батасын берген екен.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!