Жауынгерлер жекпе-жекке шыққанда алдымен найзаласқан. Өйткені найзаласу арқылы батырдың шеберлігі сыналады. Кейде батырлар найзасының басына ту қадап, шашақ не үкі байлап, жорықты басқарған.

Найзаның ұзындығы шамамен 3-4 метр болады. Қарудың өзі ағаштан, ал ұшы түрлі металдан жасалды. Найзаны жасайтын шебер оның ұшын өз қиялымен дамытып, түрлі пішінге келтірген.

Шеберлер қаруды сом темірден де жасады. Бірақ ол ауыр болған соң аса көп қолданылмаған. Найзаның мұндай түрін тек атты әскерге тосқауыл ретінде пайдаланған.

Найза, қару
Фото ашық дереккөзден

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Ерлердің ісі бітер ме?, – деп Махамбет Өтемісұлы найзаны жырға қосқан.

Тарихи деректерде Қабанбай батырдың өте мықты найзагер болғаны айтылады. Салт атты батыр найзамен дұшпанға қарсы шапқанда қатарынан бірнеше адамды түйреп өткен.

Атпа найза – осындай қарудың бір түрі. Оның ұзындығы мен салмағы кәдімгі найзаға қарағанда қысқа әрі жеңіл. Ғалымдардың мәліметінше, атпа найза жоғары палеолит дәуірінде қолданылған. Оның ұшы тастан, сүйектен жасалды. Атпа найзаны ертеде мексикалықтар, бразилиялықтар мен папуастардың да пайдаланғаны жөнінде деректер бар. Тарихта Рим жаяу әскері атпа найзамен қаруланғаны айтылады.

Атпа найзаны лақтырғанда 30 метрден 70 метрге дейін жетеді. Қыпшақтар атпа найзамен әскер жасақтап, соғыс тәсілдерінде қолданды. Қарудың бұл түріне қауырсын не арнайы ысқырық орнатылған. Өйткені найзаны лақтырғанда қауырсын оны алысқа ұшырса, ысқырық дәл көздеуге ықпал еткен.