Шертер, музыкалық аспап
Фото ашық дереккөзден

Шертер қазақ халқының музыкалық аспаптары ішінде айрықша орын алады. Оны аңыз, ән, ертегілерді айтқанда қолданған.

Бұрын шертерді қобыз сияқты жасаған. Иілген ағаштың тұтас кесегін терімен қаптаған, содан кейін қысқа мойнына жылқы қылынан ішек тартты. Шертердің тұтас ағаштан жасалуы кездейсоқ емес. Халық бұл аспапта ағаштың рухы  болады деп сенген.

Шертердің бір ғана құлағы болады, сол құлақ арқылы екі ішек жүргізілген. Оның біреуін аспаптың басына, ал екіншісін құлағына бекіткен. Аспапта ойнау үшін бірінші ішекті қолмен тартып, екінші ішекті тартылған алғашқы ішектің дыбысына сай шертеді. Міне, осы кезде шертерден жұмсақ жағымды әрі қоңыр үн шығады. Өйткені былғары қаптаманың арқасында шертердің дыбысы аса жұмсақ естіледі.

Шертер, музыкалық аспап
Фото ашық дереккөзден

Аңыздарда шертерде көбіне бақташылар ойнағаны айтылған. Биік құздың басына отырып, шертерді тартқанда оның әсем дыбысына мал үйірілетін болған. Бірақ шертерге арналып шығарылған халық күйлері кеңес заманында жойылып, бүгінге жетпеген. Сондықтан қазір аспапта ойнау кенде қалып отыр.

Қызыл төңкеріске дейін қазіргі Семей облысының аумағында шертершілер мектебі қалыптасқан. Бірақ кеңестік иделогияның салдарынан бұл мектеп жабылып қалды да, тек “Ойтолғау”, “Сал күрең”  күйлері сақталды. Оны зерттеуші, орындаушы Зәмзәгүл Ізмұратова ноталаған.

Шертердің көне замандағы нұсқасы ежелгі Отырардың орнында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылды. Белгілі музыкатанушы Болат Сарыбаев бұл аспапты қалпына келтіру үшін көп еңбек жасады. Осы жұмыстардың нәтижесінде ежелгі шертердің негізгі түр сипаты дүниеге келді.

Кейінгі жылдары аспапты оркестрде қолдану үшін бірқатар өзгеріс енгізілген. Шертердің мойнында күй ырғағы деңгейін көрсететін тетік пайда болды. Шертерді бүгінде “Отырар сазы”, “Жетіген”, “Сазген”  сияқты фольклорлық-этнографиялық ұжымдары қолданып жүр.