Басты бет Таным Білтелі, бытыралы, жалғызауыз. Мылтық түрлері

Білтелі, бытыралы, жалғызауыз. Мылтық түрлері

Фото: Сhatgpt.com
«Қазақ энциклопедиясы» мәліметінше, мылтық  оқ-дәрімен атылатын қару. Оны аңшылықта және соғыста қолданған. Алғашқы мылтықтардың жер тірейтін екі сирағы болған. Мылтықтың түрі өте көп. Қазақта мылтықтың білтелі, берен, көкберен, шамқал, күлдір мамай, жалғызауыз, қосауыз, жездіауыз, бытыралы деген және басқа да түрі бар.

Мұндай атыс қаруы XIV-XV ғасырларда алғаш рет аркебуза, кулеврина, пищаль деген атпен Еуропада белгілі болған. Ал XV-XVI ғасырларда қарудың бұл түрін қазақ ұсталары қолдан соғатын. Оның иыққа тіреп атуға ыңғайлы ағаштан жасалған құндағы, дүмі, атылған сәтте оқ жүгіретін оқтығы (оқпаны, ұңғысы, түтігі), шүріппесі, шаппасы, білтесі, жерге тіреп қоятын тіреуіштері болды.

Білтелі мылтық XVI-XVIII ғасырларда жоңғар басқыншылығына қарсы соғыста қолданылды. Ол кезде аса ауыр болғандықтан, мылтықтарға жерге тірелетін екі сирақ орнатылды. Алғашқы мылтықтар бүгінгі заманғы қарулар тәрізді емес, аузынан оқталып, дәрісі мақта білтемен тұтатылатын. Халық арасында оның оқтығының дүмі ұзын әрі салмағы ауыр болғандықтан, «шамқал» деп аталса, алысырақ ататыны «күлдір мамай» деп аталды. Бұл мылтықтарды атуға дайындау үшін кем дегенде 1 минуттан артық уақыт қажет болды.

Жалғызауыз мылтық жеке оқпен оқталады. Мұндай мылтықтар қазақта «берен мылтық» деген атқа да ие. Берен мылтық батырдың бес қаруының біріне жатқызылады, сонымен бірге қазақтың жеті қазынасының бірі.

Мылтықтың жетілдірілген түрлері ең алғаш Испанияда, Швецияда жасалды. Неміс шебері Иоганн Николаус фон Дрейзе 1836 жылы құндақ жағынан оқталатын мылтықтарды жасап шығарған. Осыдан кейін мылтықтың саналуан түрі жер-жерде шығарыла бастады. Атап айтқанда, жалғызауыз, қосауыз, бесатар, жетіатар, түтігі қырлы, жылтыр мылтықтар Францияда, Бельгияда, Ұлыбританияда, Германияда шығарылды.

ХІХ ғасырдың 70-90-жылдары орыс инженерлері Александр Горлов пен Карл Гунниустің техникалық жағынан жетілдірілген бірзарядты орыс винтовкасы — берданканы жасап шығарды. Одан кейін Сергей Мосиннің қайырма бекітпелі винтовкалары шықты. Өткен ғасырдың басында болған Азамат соғысы жылдары (1918-1920) маузер, револьвер, наган сияқты қысқа да жеңіл мылтықтар пайдаланылды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін автомат-карабин, тапанша, мерген винтовкасы, спорт винтовкалары мен пистолеттері, тағы басқа заманауи атыс қарулары шыға бастады.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version