Сауыт соғыс кезінде адам денесін қатты жарақаттан қорғайды. Оның қандай түрі болмасын тек қауіпсіздік үшін ғана киіледі. Темірсауыт тек ұрыс кезінде болмаса, бейбіт уақытта қолданылмайды. Себебі ол аса ауыр әрі икемсіз. Оны тек хан ордасындағы қорғаушы жауынгерлер ғана киіп, қарауылға тұратын болған. Көзге сұсты болып көрінгенімен жауынгерлер сауытты арнайы іс-шаралар мен хан жарлығын орындау кезінде де киген.

Сауытты І мыңжылдықта Ассирияда пайда болған деп тұжырымдайды. Бірақ бұл пікірдің жаңсақ екені туралы дәлел көп кездеседі. Соның бірі – ХХ ғасырдың 60-жылдарының соңында қазақ жерінен табылған алғашқы “Алтын адам”. Ол сақ дәуіріне тиесілі. Денесіне түгелдей алтын сауыт кигізіліп жерленген “Алтын адам” Ассирия сауыты жайлы ғылыми пікірді жойды. Себебі  “Алтын адам” – б.з.д. V-IV ғасырларда бүкіл еуразиялық кеңістікте өркениетін орнатқан сақтардан қалған мұра. Демек, сауыт жасау өнері б.з.б да дамып, ғажап өнер түріне айналған.

Сауытты адамдар алғаш рет теріден жасады. Аң немесе мал терісін бірнеше қабат етіп қаптап, адам денесіне ықшамдап пішеді де, түрлі бау арқылы бекітеді. Бірақ мұндай сауыттарды уақыты келгенде темір сауыттар ығыстырып шығарды. Себебі теріден жасалған дүние тез тозып, ұрыс кезінде сенімсіз болған. Темірсауыттың жасалу жолы да басқа. Батырдың, ханның денесіне садақ оғын немесе оқыс келген найзаны дарытпай, сақтап қалған сауыттарды аса мықты деп бағалап, халық “ақсауыт” атап кеткен.

Қазіргі қазақ даласын мекен еткен ежелгі халықтар сауытты көбіне шынжырлап тоқыды. Батыс және шығыс халықтары сауыттың көбін болат темірді жұқа етіп соғу арқылы жасайтын болған. Екеуінің де мақсаты – адам денесін қорғау. Ұсталар болат сауытты жасағанда темірді жалпақ етіп қақтап соғады да, адамның денесіне ықшамдап киіп-шешуге, жүріп-тұруға ыңғайлы әрі сән-салтанатты етіп шығарады.

Сауыттың жіңішке сымдармен шынжыр етіп тоқылған түрі де болады. Мұндай сауытты қазақ “аймауыт”, “кіреуке” не “тор сауыт” деп атаған.

Қолына қару алып, шайқасқа қорықпай кіре алатын аса жүректі әрі күшті жауынгерлер сауыт киетін болған. Бұл – көбіне батырларға тән дүние.  Әр батырдың өзіне ғана лайық сауыты болады. Сол сауытқа байланысты қару-жарақтары да арнайы соғылған. Батыр өмірден озған жағдайда оның сауытын тек өз кіндігінен тараған ұрпағы ғана киеді. Сауытты киер лайық адам болмаса, кейінгі ұрпақ қолдан қолға өткізіп, ұзақ уақыт сақтап, қасиет пен берекенің көзі деп сенеді.

Сауыт өзге халықтарда да кеңінен пайдаланылды. Тек ХІХ ғасырдан бастап темір және тері сауыттар қолданыстан шыға бастады. Бұған себеп – мылтықтың пайда болуы. Көне сауыттар мылтық қаруларына тосқауыл бола алмады.

Қазақтар арасында сауыттың аймауыт, зере сауыт, берен сауыт, шар-айна, жапон сауыты, ат сауыты сияқты түрлері бар.

Қазіргі таңда сауыт ерте замандағыдай темірден емес, матадан немесе резеңкеден жасалады. Жауынгерлерге тән бұл сауыттар өте ауыр болып келеді. Тек арнаулы әрі аса ыңғайлы заманауи сауыттар “брон желет”, “оқ өтпейтін кеудеше” деп аталып жүр. Мылтық оғын адам денесіне өткізбейтін сауыт қазір кең қолданысқа ие.