Дулыға - жауынгердің басын оқ пен соққыдан қорғайтын темір сауыт. Сонымен бірге ол батырдың қасиет тұтатын бойтұмары саналған.

Ұрыс кезінде батыр дулығасынан айырылып, бас сауыты жаудың қолында кетсе, онда оны ел жеңілді деп есептеп, өлдіге санаған. Дулығаны ортағасырдағы қазақ жауынгерлері көп киген. VII-XVIII ғасырларда оның қазақтарға тән түрі қалыптаса бастады. Бұған дейін де дулығаның көп түрі болған. Көбі аң не мал терісінен, мата мен киізден жасалған.

Дулығаның көбелі, қаттама, тұтас, томағалы, алтын айдарлы, құрама, жығалы сияқты түрлері бар. Барлық дулығаның төбесі биік болады. Жасалуына қарай олардың сапасы да әртүрлі.

Көбелі дулыға – бас сауытының ең көне түрі. Бұл дулығаның сырты темір құрақпен жабылып, іші киізбен астарланады. Мұндай дулыға көбіне көбе сауытпен киілген. Ал қаттама дулығалар күлпара пішінде жасалып, жібек матадан астарланып, ішіне жүн, мақта, кіреуке үзіктері салынған. Кейде бетті қорғау үшін маңдайдан төмен темір тілше де тағылады. Ал құрама дулығаны темірді бөлшектеп, біріктіріп жасайды. Бірақ мұндай дулыға жойқын соққы тигенде шытынап не майысып кетуі мүмкін. 

Дулыға

Ең сапалысы – тұтас дулыға. Тұтас темірден құйылып жасалатын дулығаның түрі. Оны батырлар, әскербасылар мен хандар ғана киген. Ол адамды аса айбынды етіп көрсетеді. Тұтас дулығаға темір шынжырдан тоқылған жақ пен жарты кіреуке байланған. Жарты кіреуке батырдың мойынынан бастап иығына дейін киіледі де, күмбезіне міндетті түрде ақ не көк, тіпті қара қылдан шашақ орнатылады. Осындай шашақты тұтас дулыға Бөгенбай батырда да болған.

Дулығаның қазіргі заманғы түрін жауынгерлер мен басқа да әскери қызметкерлер қорғаныс баскиімі ретінде киеді.