Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде 33 жасар ер адам мен 19 жасар бойжеткенді қолға түсірді. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Зиянкестер қылмысты күндізгі уақытта банк филиалдарының бірінің маңында жасаған. Бойжеткен шотынан ақша алып, банк ғимаратынан шығып бара жатқан егде жастағы әйелді байқаған. Әжейдің соңынан ерген бойжеткен өз сыбайласымен үйлердің ауласында оның сөмкесінен 170 мың теңге сомасындағы қаржыны тонайды.
«Қазіргі уақытта ұсталғандар Астана қаласы ПД Уақытша ұстау изоляторына орналастырылған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, күдіктілердің осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр», — делінген полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Департамент осы адамдардың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды Бейбітшілік көшесі,19 мекен-жайы бойынша орналасқан Астана қаласы ПД-не немесе 8 (7172) 71-61-51; 8-702-999-64-24 телефондарына немесе 102 нөмірілеріне хабарласуын сұрайды.