Балбалтас – ерте түркі дәстүріндегі тастан қашап жасалған ескерткіш. Ол – “соғу”, “қағу”, “ұру” дегенді білдіретін қос сөз. Түркітанушылардың айтуынша, “тік қадап орнатылатын тас белгі”.

Балбал – қайтыс болған адамның әруағына арнап салынған ғұрыптық кешеннің бірі. Ежелгі түркі ғұрыптық кешені барық-кесенеден, қорғаннан, сандықтастан, мәтін жазылған бітіктас пен оның тұғыртасынан, бәдіз-балбалдардан тұрды. Бір кешендегі балбалдардың саны 10-нан 600-ге дейін жеткен. Кешеннің көбі қаған, тегін, тархан, чүр, түдүн сияқты билік иелері мен атақты бекзадалардың құрметіне арналған. Бүгінгі құлпытас пен қойтастар – сол балбалдардың жалғасы.

Шу өзені аңғарындағы Меркі мен Жайсаңнан балбалтастар көп кездеседі. Оларды VІІ-VІІІ ғасырларда Батыс Түркі қағанатының орталығы болған, түркі дәуірінен бізге жеткен, тарихи-мәдени мұра деуге болады. Ортағасырлық жазба мәліметтері де солай дейді. Түркі тайпалары он тайпа және он оқ тайпа болып бөлінген. Он оқ тайпаларының орталығы Шу өзенінде болды. Бұл жерде Батыс Түркі қағанатының орталықтары – Суяб, Баласағұн, Меркі орналасқан.

Меркi өзенінен 2700-3600 метр биікте, таудағы жайлауда Меркі-Мыңбұлақ ғибадатханасы бар. 2001 жылдан бері оған қарқынды түрде археологиялық жұмыс жүргізілді. Оның нәтижесі мұндағы ғұрыптық ескерткіштер мүсіннің иконографиялық түріне жақын екенін көрсетті.

Ғибадатханадағы мүсіндерде жеке тұрған әйел мен ер адамдар бейнеленген. Қолына ыдыс ұстаған әйелдің мүсіндері үлкен шеберлікпен жасалған. Мүсіндегі баскиім мен әшекейлерге қарап, әйелдің жасын, әлеуметтік мәртебесін де тануға болады. Әйелдерге арналған балбалтастардың ерекшелігінен-ақ көшпелі түркі қоғамында әйелдің ерлермен тең дәрежеде болғанын байқауға болады.

Көне түркілердің ғұрыптық кешендері орналасқан Аралтөбе, Белсаз, Сандық, Сұлусай, Сулысай, Шөлсай, Қарасай сияқты тау қыраттарына жаз ортасында асулардағы қар еріп, жол ашылғанда ғана бардық. Бұл жерлердегі тас мүсіндердің басым көпшілігі аласа, кіндік тұсында тостаған ұстап тұрған бейнемен ерекшеленеді. Меркі ғибадатханасы мүсіндеріне ер адам мен әйел мүсіндерін қатар қою тән. Кейбір дерек бойынша Меркідегі 64 тас мүсіннің 31-інде әйелдер бейнеленген, –  дейді Меркіге екі рет саяхат жасап, тарихи орындарды зерттеумен айналысып жүрген экспедиция мүшелері.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!