Мамочкино зираты — озбырлық салған жара

Оқулықтарда «Артек» лагеріндегі балалардың келбеті күлімсіреп тұрған күйі бейнеленеді. Суретке бір қарағанда Сталиннің кезіндегі бақытты әрі қамсыз балалық шақ елестейді. Алайда балалардың шынайы өмірдегі келбеті дәл суреттегідей емес еді. Кеңес Одағы көлеміндегі халықтың қабырғасын қайыстырып, жазықсыз ата-ана мен сәбилерді қыршынынан қиған қанды қырғын дәл осы кезде болған.

Қарағандыдағы Долинка кентіндегі Мамочкино зиратында («Мамочкино кладбище» деген «Мамочкалар зираты» деп аударылуы керек еді, бірақ халықтың санасында қасірет пен аяушылыққа толы «Мамочкино» атауы қалып қойған«халық жауларының» әйелдері мен балалары жерленген. Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жиған соң 30-40 жылдардағы адам сенгісіз қиянаттардың шындығы ашылып, тарих жаңғырды. Бұл зират — Кеңес империясының түкпір-түкпірінде болған қанды қырғынның бір дәлелі.

Долинкадағы Қарлаг мекемесі басқармасының бұрынғы ғимаратында қазір саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылған. Одан бірнеше шақырым жерде 30-40-жылдары тұтқында болған әйелдер мен олардың жазықсыз балалары ұсталған «Мамочкин дом» дейтін үй бар.

Тарихи орын саналатын Мамочкино зиратына жиі экскурсия ұйымдастырылады. Алыстан тек ағаштан шаншылған төмпешіктер болып көрінген аумақ жүректі сыздатып, қабырғаны қайыстырмай қоймайды. Қарлагтағы сұмдықты көзімен көргендер өлген балаларды ағаш жәшіктерге салып жинағанын айтады. Жәшіктердің жанында егеуқұйрықтар мен басқа да жәндік өріп жүрген, жағымсыз иістен оның жанына жақындау мүмкін болмаған көрінеді.

Лагерьдегі 3-4 жасқа толған балаларды осы үйге алып кеткен. Мұндағы балалардың жағдайы шынында ауыр еді. Жартылай жалаңаш, үнемі аш жүретін олар шетінен қырылған. Әсіресе, жаңа туған жас сәбиді күніне тек бір рет емізуге рұқсат берген. Қарны аш балалар таң атқаннан кешке дейін жылап, ішегі түйіліп, қайтыс бола берген. Ауыр тұрмысқа, аштыққа, суық пен ауруға шыдамаған балалардың өлімі тым көп болды. Сондықтан әрбір балаға қабір қазуға қиналған жендеттер оларды үлкен шұңқырға тастап, ортақ молаға көмген.

Қанша күтіп, қадағалағанмен Мамочкино зираты бүгінге сол қалпында жетпеген. Молалардағы темірлердің барлығы металл қабылдайтын орынға өтіп кеткен. Зиратқа жақын орналасқан өзен бір жылдары арнасынан толып ағып, бейіттің біраз бөлігін шайып кеткен. Кейін кент үлкейіп, үйлер салына бастағанда қабірлер құрылыстың астында қалған. Бұрынғы «Қарағанды» совхозы осы бейіттердің үстінде бой көтерген. Қазір ауыл «Жартас» деп аталады.