Биші қайың тоғайы туралы аңыздар

Ақмоладағы Әулиекөл көлінің солтүстік жағалауында таңғажайып қайың орманы бар. Мың құбыла билеген бикештерді еске түсіретін бұл ағаштарды жұрт «биші қайың» атап кеткен.

Мұндай орман көп елде бар. Олардың ең танымалы — Даниядағы Тролльдар орманы мен Ресейдегі Курши мүйісі. Сирек кездесетін бұл құбылыстың сырын көп биолог түсіндіруге тырысты. Олардың айтуынша, қайыңдар қыста жауған қалың қардың астында, сонымен бірге қатты желдің әсерінен түсін өзгертеді. Мұндай өзгеріс жер қыртысының тектоникалық қозғалысының әсерінен болады деген тұжырым бар.

Халық оларды қиялдан пайда болған дейді. Пруссияда жартылай дөңгеленіп бұралған ағаштар рухтар әлеміне өткізеді деген болжам бар. Иілген діңдердің арасынан өткен адам ұзақ жасайды және құдіретті күшке ие болады деп есептейді.

Поляктардың нанымында сиқыршы қыз туралы түсінік бар. Ол табиғатпен үндес, бейбіт өмір сүреді, бірақ жұрт оны жақтырмайды. Бір күні халық қызды жазаламақ болады, бірақ орманның өзі сиқыршыны қорғап, ағаштар оны бұтақтарымен жауып қалады. Халық үрейленіп қашып кетеді де, ал ағаштар сол иілген күйінде тұрып қалады-мыс.

Бурабайдағы орман туралы да осындай аңыз бар. Аңыз бойынша көлдің жағасында жастар ән салып, би билеп, ойын-сауық құратын болған. Хан жастардың талантын естіп, олармен бірге көңіл көтергісі келгенімен бара алмайды. Бір күні түнде хан мерекеге қарапайым адамның киімін киіп барады. Кештің қызығына кіріп, бидің қызған шағында сәнді киінген қыздарды мақтай жөнеледі. Осы кезде жастардың бірі ханды танып қояды. Мұны естіген биші қыздар қайда тығыларын білмей, бұралған күйде қайыңға айналып кетіпті-міс.

Қазір биші қайыңдар тоғайы шипажайдың көрікті жерлерінің біріне айналған. Табиғаттың таңғажайып көрінісі көп туристі қызықтырмай қоймайды.