Жамбыл облысының аумағында ортағасырлық қалалар аз болмаған. Солардың бірі – Түймекент. Қала VI-XII ғасырларда пайда болған және осы аралықта тіршілігі жанданған. Зерттеушілер өңірді билеушілердің ордасы осында орналасуы мүмкін деген болжам айтады.

1894 жылы қаланы алғаш шығыстанушы В.В.Бартольд зерттеген. Ол мұндағы қала жұртының Таразға тиесілі емес екенін ғана анықтаған. 1936-38 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясы зерттеулер жүргізеді. Көп уақыт өткен соң археологтардың қалаға қызығушылығы қайта оянып, 2010 жылдан бері мұнда археолог-ғалым Мадияр Елеуов бастаған экспедиция жұмыс істеп жатыр.

Түймекент

Теңіз деңгейінен 476 метр биіктікте орналасқан қала Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан. Табылған қазба орнының ені – 250 метр, ал ұзындығы – 310 метр. Сырты қамалмен қоршалған. Бұрыштарында ұзындығы 4,5-7 метр болатын мұнаралары бар. Оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс жағында екі қақпа тұр. Қаланың дәл ортасында цитадель (қорғанның бекініс құрылыстармен қоршалған орталық бөлігі) болған, бірақ ол қатты қираған. Цитадельдің аумағы көлемді, ішінде көшелер мен үйлердің ізі білінеді.

Археологтардың айтуынша, Түймекенттің оңтүстік-шығыстағы қақпасы құрылыс үшін топырақ қазып алушы тұрғындардың кесірінен бұзылған.  Сонымен бірге Талас өзені шайып кеткен жерлері де бар. Соған қарамастан қазба жұмыстары кезінде VI-XII ғасырларда жасалған ыдыстардың сынықтары табылып, 2 метр тереңдіктен су құбыры аршылып алынды. Қамалдың қалдықтары зерттелді.

Түймекент

Қамалдың астына 21 қатар кесек қаланған. Оның астында балшықтан жасалған блок бар. Блоктың биіктігі – 1,80 сантиметр, ал ені 60 сантиметр. Қорғанды айнала терең ор қазылған. Қамалдар мен мұнаралардың орнынан орта ғасырдың өзінде құрылыстың жақсы дамығанын көруге болады. Әсіресе, балшықтан жасалған блоктар, пахсалар жиі қолданылған және қазірге дейін бүлінбей жеткен.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!