Рәбия сұлтан бегім ескерткіші Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің дәл іргесінде орналасқан. Рәбия – Әмір Темірдің шөбересі, Ұлықбектің қызы, Әбілхайырдың әйелі. Әбілхайыр хан дүниеден өткен соң Рәбия 17 жыл Түркістанда тұрып, 1485 жылы сонда қайтыс болған.

Оған небір атақты батырлар, билер ғашық болған. Өз жерінің кегін алу үшін ол билер мен батырларды бір- біріне қарсы тұрғызған. Атақты Қобыланды батырдың Рәбия сұлтан бегімге қол жеткізу үшін Ақжол биді өлтіргені жайлы мәліметтер бар. Қобыланды батыр сол кезде Әбілхайырдың қоластында болатын. Ақжол бидің әкесі Қотан тайшының Ақ Орда ханы Әбілхайырдан бөлініп шығып, арғын тайпасын алып, Керей мен Жәнібек сұлтандарға қосыла Жетісуға көшіп кетуiне осы оқиға себеп болған.

Ескерткіш XV ғасырда тұрғызылған. Әбілхайыр мен Рәбиядан туған Сүйініш пен Кішкене (кей деректерде Көкенші) хандар кесенені аналарының құрметіне салдырған екен. Ескерткіш туралы деректер XVI ғасырдан бастап кездеседі. 1895 жылы Ресей әскері кесенені тым ескі деген сылтаумен тас-талқанын шығарып, қиратқан. 1980 жылы жөндеу жүргізіліп, кем-кетігі түгел жамалған. Қазіргі күмбезі де сол кезде салынады.

Рәбия сұлтан бегім кесенесі

Кесененің аумағы – 62 шаршы метр. Ол бес үлкен бөлмеден тұрады. Сегізбұрышты, бір камералы, цилиндр сияқты барабанға бекітілген биік күмбез ретінде салынған. Ғимарат жанына кейін қосымша құрылыстар тұрғызылған. Кесененің маңынан табылған майоликалық (күйдірілген кірпішке өрнек салып жасалған керамика) және жылтыратылған тақтайшаларға қарап, оның полихромды (көпбояулы стиль) қаптамамен қапталғанын байқауға болады. Оңтүстік-шығыс бөлігінде жерасты қабірханаға кіретін есік бар. Қабірханада терімен қапталған ағаш табыт тұр. Онда “Бұл – құдіретті Әмір Темір көрегеннің ұрпағы, азапты ажалдан қаза тапқан, құдіретті, ұлы сұлтан Ұлықбек Гураганның қызы, ақсүйек, (Құдай) кешіріп, рақымшылық жасаған ізгі Рәбия сұлтан бегімнің тыныштық тауып жатқан жері” деген сөздер жазылған.