«Жас сақшы» жобасының аясында өтіп жатқан «Үлкендерге қамқорлық» акциясының мақсаты — мұқтаж жандарға көмектесу. Бұл жобаны Астананың әлеуметтік даму департаментінің бастамасымен «Қазақстанның жастар конгресі» қолға алды. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабаралды.
Демалыс күндері жастар Раиса Жаркова мен Фаина Ибраева есімді зейнеткерлерге көмектесті. Қариялардың ауласын қардан тазалап, жөндеу жұмыстары мен басқа да үй шаруашылығын істеді.
92 жастағы Раиса Жаркова екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылда еңбек еткен. Баспанасы жөндеуді қажет етеді.
Көмек берген балаларға рақмет. Себебі маған су тасып, көмір мен отын кіргізу қиынға түседі. Үлкен рақмет, мықты денсаулық тілеймін, – дейді зейнеткер.
Үйінде жалғыз тұрып жатқан Фаина Ибраева да қыс кезінде үй шаруасы көбейіп,көп жұмысқа әлі келмейтінін айтты. Ол да жастар мен әкімдікке алғысын білдірді.
Біз мұндай шараларды жиі өткіземіз. Еріктілермен бірге «Жас сақшы» жобасы аясында қарттарға көмектесуді әлі де жалғастырамыз. Ал біздің студенттеріміз қарт адамдарға қар тазалап, үй шаруаларына қосымша көмек көрсетуді жалғастырады, – дейді әлеуметтік даму бөлімінің бас маманы Ақұлан Тастемір.