Басты бет Таным Құпиясы толық ашылмаған Ақыртас

Құпиясы толық ашылмаған Ақыртас

Ақыртасты соңғы бір ғасырдан астам уақыт ішінде көп ғалым зерттеді. Бірақ құпиясы мен сыры әлі толық ашылмаған кешенге қазір әлем көз тігіп отыр. Ғалымдар оның үлкен бір мақсатқа арналып салынғанын айтады. Осы құндылығы үшін Ақыртас 2014 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді.

Тарихи нысанның жоғарыдан түсірілген көрінісі

Тараздан шығысқа қарай 40 шақырым қашықтықта орналасқан Ақыртас кешені төртбұрышты, қызыл құмтастың ірі блоктарынан қаланған. Ұзындығы — 169, ал ені — 145 метр. Сарайдың оңтүстігінен солтүстігіне, батысынан шығысына қарай созылған қос көше бір-бірін кесіп өтеді. Көшелердің көмегімен сарайдың орны төрт бөлікке бөлінеді. Оның үш бөлігі аула айналасында орналасқан бөлмелерден тұрса, ал бір бөлігінде ештеңе жоқ. Құрылыстың ортасында көлемі 25 шаршы метр болатын аула бар. Ауланың оңтүстік аймағында биіктігі үш метрге дейін жететін қазаншұңқырлар орналасқан.

Қала орнында ұзындығы 40, ені 39 метрге созылатын шаршы тәріздес қамал да бар. Ол сарайдан оңтүстік-батысқа қарай бір шақырым жерде орналасқан. Қамалдың төрт бұрышында дөңгелекше келген мұнаралар бар.

Сарай кешенінің шығыс бүйірінде қабырғамен қоршалған бау-бақшаның орны сақталған. Оның да аумағы шаршы тәріздес. Ұзындығы да, ені де — 250 метр. Ал сарайдың солтүстігінде қарапайым адамдар қоныстанған тұрғынжай болған сияқты. Ол жерде тас кені, саз алатын карьер, қарауыл мұнарасы, Ақыртасты сумен қамтыған ауызсу жүйесі, сақ дәуірінің обалары, құлдар тұрған жертөлелердің орны сақталған. Кешен жалпы саны 70 бөлмеден тұрады.

Қызыл тастан қашалып қаланған қабырғалары да ерекше. Тасты таудың етегінен тасып, оны өңдеп, қала салу үшін көп күш жұмсалғанын аңғаруға болады. Құрылысшылар да өз жұмысын шебер жасаған. Құрылысқа су жеткізу үшін екі-үш шақырым жердегі тау бұлақтарынан қыш құбырлар тізбегі жүргізіліп, аққан суды су сақтайтын қоймаға құйып отырған. Пайдаланылған тастардың бастапқы ауданы 180-200 шаршы метр болған деген болжам бар. Оны бөлшектеп, қашап, кейін өңдеп қана кешенді тұрғызған. Құрылыс іргетасының өзі — 4 метр, қабырғалар қалыңдығы — 2-3 метр. Ал тасты құрылыс орнына жеткізуге арнайы жерасты өтпе жолы салынғаны анықталды. Соған қарағанда кешенді салдырған адам «қолы ұзын», мүмкіндігі мол билеуші немесе көсем болуы керек.

Құрылыс аяқталмай қалса да, оның өзі біздің заманымызға бастапқы қалпында жетпеген. Жергілікті жұрт сарай материалдарын тонап әкеткен, одан қалса, Түрксіб теміржолын салған құрылысшылар да пайдаланған. 1938-39 жылдары Ақшолақ станциясының өзінде Ақыртастың тастарынан екі қойма мен бірнеше ғимараттың іргетасы қаланыпты. Қазір соған қарамастан ғалымдар ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Ғалымдар Ақыртасты VIІI ғасырға жатқызып отыр. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, бұл өмірін Орталық Азияда исламды таратуға арнаған Әбу Мүсілім Кутейба болуы мүмкін. Кейіннен Кутейбаның әрекеттері айыпталып, Бағдадта өлім жазасына кесілгеніне байланысты қала құрылысы тоқтап қалған. Бірақ оған қарсы айтылған уәж де аз болған жоқ. Сондықтан осынау орасан күрделі іске ұйытқы болған адам анықталмаған күйінше қалып отыр.

«Көне Тараз ескерткіштері» қорық-мұражайының директоры Тәкен Молдақынов бөлмелер мен дәліздердің, тұғырлар мен қабырғалардың орналасу жүйесін Мысыр пира­ми­даларындағы шым-шытырық қуыстар мен Перудегі майя қалашықтарындағы пішіндерге ұқсатады.

Ал археолог Мадияр Елеуовтің пікірінше, мұндай ғимаратты кесектен де, балшықтан да құюға болар еді. Бірақ тастан салғанына қарағанда, сарай үлкен мақсатқа арналып салынған сияқты.

Ақыртасқа қатысты аңыз да жоқ емес. Бір аруға ынтық болған Алан Хазар деген батыр ғашығының көңілінен шығып, оның назарын аударту үшін тастан сарай салған деседі. Ал екінші аңыз желісі бұл қырғыз эпосының батыры Манас пен оның ұлының салған сарайы дегенді аңғартады.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version