«Сенбі күні балдызымыздың ұзату тойына бардық. Той қызықты өтті. Ойын-күлкі, әзіл-оспақ, жақсы ән мен би – бәрі болды. Құдаларды күту жағына «бес» дегеннен басқа баға да қоя алмаймыз. Басталарда тойдың ішімдіксіз өтетінін білдік. Бұл күйеу баланың қалауы екен. Алғашында күйеу бала намазға жығылғандықтан халал той жасағысы келген болар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, ол намаз да оқымайды екен.
Жасыратыны жоқ, бәріміздің ішкіміз келіп тұр. Арамызда осы тойда жақсылап демаламын деп барғандар жоқ емес еді. Арақ болмаған соң тамақ та дұрыс желінбегендей болды. Әркім шұқып-шұқып қойып қарап отыр. Той иелері осыны түсінсе керек, бір уақытта біздер жаққа келетін шай көбейді. Барлығының алдына «Липтон» құрғақ шайы салынған шәйнектер келе бастады. Құда бала айналып әркімнің құлағына сыбырлап жүргенінің сырын кейін білдік. Сөйтсек шәйнектермен келіп жатқан шай емес, арақ екен. Басқалардың назарын аудармас үшін құрғақ шай салып қойыпты. Сол сол екен, қыза бастадық. Тамақтар да желінді, біздің жақтан би де биленді.
Ішіп отырғанымыздың түсі өзгерді демесең арақтан еш айырмасы жоқ. Шайдың да дәмі шықпаған. Осылай тойдан қызара бөртіп қайттық. Қоштасарда қу тілді құдалардың бірі: «Ол заман да, бұл заман, шайға мас болған қонақтарды бірінші рет көрдім», – деп қағытып жатты.
Осылайша біз балдызымыздың тойында шай қосылған арақ ішіп қайттық. Бұл қызық емес пе?»
Әрине, Т.Ниязовтың тойда көргендері өзіне қызық болуы әбден мүмкін. Бәлім араққа құрғақ шай салып ішкен басқаларға да қызықты шығар. Дей тұрғанмен өзінің алғашқы қуанышын шын көңілден арақ-шарапсыз өткізсем деген жігіт мұны естісе қызығып қарап, қуана қояр ма екен?
Сол тойдан арақ ішпей қайтқандар да болған ғой. Демек, тойды ішімдіксіз өткізгісі келгендердің сыртынан күлгенше, оларға қолдау білдірген дұрыс секілді.