Басты бетЖаңалықтарЖамал Хашоггидің...

Жамал Хашоггидің мәйіті бас консул резиденциясындағы құдықтан табылған

Журналист, жазушы Жамал Хашоггидің мәйіті Сауд Арабиясының Ыстамбұлдағы бас консулы резиденциясындағы құдықтан табылды. Бұл туралы Ресейдің ақпарат құралдары хабарлады.

Түркияның Vatan партиясының басшысы Догу Перинчектің мәлімдеуінше, бұл ақпаратты түрік қауіпсіздік қызметіндегі сенімді ақпарат көзі жария еткен.

«Ыстамбұлдың қауіпсіздік қызметіндегі сенімді ақпарат көзі маған Хашоггидің денесі Сауд Арабиясы бас консулының резиденциясы аумағындағы бақта құдық ішінен табылғанын айтты, — деді Догу Перинчек РИА Новости ақпарат құралына.

Сауд Арабиясының 2017 жылдан бері АҚШ-та тұратын журналисі, Washington Post басылымының шолушысы Жамал Хашогги 2018 жылдың 2 қазанында Түркияда із-түссіз жоғалып кеткен еді. Куәгерлер оны соңғы рет Сауд Арабиясының Ыстамбұлдағы бас консулдығының ғимаратына кірген кезінде көрген.

20 қазанда Сауд Арабиясының бас прокуратурасы Хашоггидің қайтыс болғанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша ол Түркиядағы бас консулдық ғимаратына кіргеннен кейін қызметкерлердің бірімен жанжалдасып қалған. Бұл іс бойынша Сауд Арабиясының құқық қорғау органдары 18 адамды ұстап, жауап алып жатыр. Бұл оқиғаға әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары мен ірі саясаткерлері алаңдаушылық білдіріп отыр.