Тағамның бұл түрінің қай заманда пайда болғаны нақты белгісіз. Бірақ ата-бабаларымыз мұны ертеден бері тұтынған. Бұл тағамды ел күні-бүгінге дейін дастарханына қойып жүр.

Мысалы, Маңғыстау өңірінде балқаймақтың өзі де, құрт түрі де әр үйден немесе тағам сататын базардан табылады.

Балқаймақ
Фото: Baribar.kz

Балқаймақ қалай дайындалады?

Қазанға жаңа тартылған шикі қаймақты құйып, оны баяу жанған отқа қоямыз. Қаймақты міндетті түрде ақырын жанған от көзіне қою керек. Өйткені қатты қайнап кеткен қаймақ бірден майға айналып кетуі мүмкін. Сондықтан қаймақты жай ғана араластыра қозғап отырып, оған бал немесе қант қосу керек.

Балқаймақты қою ас ретінде қолданғанды жақсы көретіндер оған аздап ұн да қоса алады. Ол үшін қаймақтың қайнау сәтін дұрыс анықтау қажет. Тиісті өнімдер қосылған соң тағамды тағы да сүтпісірім уақыттай қайната тұрады. Дайын болған тәтті қаймақ – шайға керемет қосымша. Бұлай қолдану – әсіресе, аталар мен әжелер үшін таптырмайтын ас.

Емдік балқаймақты дайындаудың өз ерекшелігі бар. Балқаймақтың бірінші түрінен айырмашылығы – ол сүттен жасалады. Оны сырқаттың түріне қарай әзірлейді. Өйткені асқазан-бауыры ауыратындарға көбіне майлы ас тұтынбаған абзал. Сондықтан майлылығы жоғары қаймақпен, сүтпен алмастырылады.

Асқазан ауруын емдеу үшін таңертең ерте сауылған 1 литр сүтті қызуы аз отқа жарты сағаттай қойып, араластырып отырып қайнату керек. Шымырлап қайнаған сүтке 500 грамм сарымай салып, сондай мөлшерде бал қосып, 10 грамм ұнтақталған қызыл бұрышты себелеп, әбден қоюланғанша қайнату қажет. Емдік қасиетке ие болған балқаймақты оттан түсіріп, суытып, күніне үш рет екі ас қасықтан бір ай үзбей ішу керек.

Этнограф Өзбекәлі Жәнібеков өзінің “Эхо…” атты еңбегінде балқаймақтың түйе сүтінен қайнатып жасалатыны жайлы жазған. Қазақ балқаймақты сыйлы тағамдардың қатарына жатқызады. Ұлт дәстүрінде егер үй иесі келген қонақтың алдындағы дастарханға сарымай, балқаймақ, ақлақ сияқты жеңсік тағамдарды қойса, онда оның ет асып әуреленбей-ақ қоюына да болады деп есептелген.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!