Басты бетЖаңалықтарЕлімізде балалар...

Елімізде балалар онкогематологиясы әлемдік деңгейден орын тепті

Аталған бөлімше сол кездері орталық басшысы болған белгілі академик Камал Саруарұлы Ормантаев пен профессор Күлән Омарқызы Омарованың басшылығымен, «КЭР-Германия» қайырымдылық ұйымымен ынтымақтастық аясында «Бөбек» балалар қорының төрайымы Сара Алпысқызы Назарбаеваның қолдауымен ашылған.

Халықаралық деңгейде өткен жиынға Ресей, Түркия, Швейцария, Беларусь, Украина, Қырғыстан, Тәжікстан және т.б. 12 елден әлемнің ең мықты деген онколог-дәрігерлері мен онкология және гематология саласының жетекші мамандары қатысты. Шараға сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың, ТМД елдері практикалық денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, ата-аналар қауымдастығы, қоғамдық ұйымдар, еліміздің барлық аймағынан медициналық ұйымдардың өкілдері мен онколог-дәрігерлері қатысты.

Конференцияның басты мақсаты – балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, халықаралық және аймақаралық байланысты дамыту, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу, қоғамға бұл аурулардың көптеген түрінің емделетінін жеткізу, ерте қаралып, анықталып тұру қажет екендінін ескерту.

Елімізде балалар онкологиясын емдейтін екі республикалық орталық бар. Оның бірі Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы. Балаларға диагностикалық және емдік көмек көрсететін онкологиялық және гематологиялық бейіндегі Педиатрия орталығындағы бөлім 115 төсек-орынға арналған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың мәселесіне ерекше назар аударады. Педиатрия орталығындағы балалар тегін емделеді. Мемлекет қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етіп отыр.

«Қазіргі кезде Педиатрия орталығында балалардағы барлық қатерлі ісіктерге емдеу жүргізіледі. Соңғы 25 жыл ішінде балаларға онкогематологиялық көмек беру жетістігі әлемдік емдеу деңгейіне дейін жетті. Қазақстанда балалар онкогематологиялық қызметінің ашылуымен, соңғы 25 жылдағы дамуы жіті лейкозға шалдыққан науқастардың өміршеңдігін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Қан ауруына шалдыққандардың 82 пайыздан астамы, ал қан ауруының ең қауіптісі саналатын миелойдты түрінің 62 пайызы жазылды. Балалар онкогематологиялық орталығының 25 жылдық тарихында көптеген жоғары білікті мамандар даярланды. Жіті лейкоздар мен тығыз ісіктерді диагностикалау мен емдеудің заманауи бағдарламалары енгізілді. Орталық мамандары алыс және жақын шетелдерде тағылымдамалардан өткен. Қазір диагностикалау, ерте анықтау әлдеқайда жақсарды», — дейді Педиатрия орталығының директоры Риза Боранбаева.

Дереккөзbaq.kz