Рамазан Ораза
©azattyq.org

Азан шақыру мұсылман дәстүрінің ажырамас бөлігі болып табылады. Дегенмен соңғы уақытта Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне мешіттердегі азанның дыбыс деңгейін реттеуге қатысты көптеген өтініш келіп түсуде.

Осы тұрғыда Дін істері комитеті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен және облыстардың, Астана мен Алматы қалалары Дін істері жөніндегі басқармалармен бірлесіп, мешіттердегі азанның дыбыс деңгейін тұрғын үй және басқа үй-жайларды, қоғамдық ғимараттарды ұстауға және пайдалануға арналған санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Аталған талаптарға сәйкес, пәтерлердің бөлмелеріне шудың ену нормалары сағат таңғы 7.00 ден түнгі 23.00-ге дейін 55-тен 70 дБА (децибел), ал, сағат 23.00 ден 7.00-ге дейін 45-тен 60 дБА(децибел) болу қажеттігі көрсетілген.

Өз кезегінде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұсынымдарын және азанның дыбыс ырғағын асырмауға қатысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ұстанады.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты мешіттердің басшылығын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың нормаларын сақтауға және тұрғындарды егер олардың әрекеті қолданыстағы заңнамаға қайшы келмесе, діни рәсімдерге түсіністікпен қарауға шақырамыз.

“Азан” сөзі қандай мағынаны білдіреді?

«Азан» сөзінің тілдік мағынасы – құлақтандыру, хабарлау дегенге саяды. Ал шариғаттағы мағынасы – шариғат бекіткен арнайы сөздерді айтып, намаз уақытының кіргендігін құлақтандыру, хабарлау. Бес уақыт намаз бен жұма намазына азан шақыру ерлер үшін – бекітілген сүннет [1].+

1.Намаздарын үйде оқыған ер адам азан айтып, қамат түсірмесе де болады[2]. Өйткені, сахаба Ибн Мәсғуд (р.а.): «Қалада түсіріліген қамат жеткілікті», – деп  үйінде жолдастарымен бірге намазды азансыз және қаматсыз оқығандығы риуаят етіледі.[3]

أن ابن مسعود : صلى بأصحابه في داره بغير إقامة ، وقال : ” إقامة المصر تكفي” رواه عبد الرزاق

Алайда, азан айтып, қамат түсіру жеке адамға міндет болмағанымен, сауапты іс екенін естен шығармағанымыз жөн.

2. Таң намазына азан шақырылғанда «ас-Саләту  хайрум минән нәуум» деген сөз қосылады.

عن بلال قال قال لي رسول الله صلى الله عليه وسلم: “لا تثوبن في شيء من الصلوات إلا في صلاة الفجر“. رواه الترمذي

Сахаба Биләлдің айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у): Ассалату хайрум минән наум (Намаз ұйқыдан артық) тек таң намазында ғана айтылады»[4], ­– деген.

3. Азаншы азан айтқанда құлағын бітеп тұрады. Бұл оның даусының қаттырақ әрі зор шығуы үшін жасалады[5].

Ибн Мәжәнің риуаят еткен хадисінде сахаба Әбу Жухайфа (р.а.) былай дейді:

عن عون بن أبي جحيفة عن أبيه قال: “أتيت رسول الله (صلى الله عليه و سلم) بالأبطح و هو في قبة حمراء فخرج بلال فأذن فاستدار في اذانه و جعل إصبعيه في أذنيه”. (صحيح)

«Мен Пайғамбарымызға (с.а.у) келгенімде ол Әбтах[6] деген жерде, теріден тігілген қызыл шатырда еді. Біләл шығып азан айтты. Азан айтып жатып (жұрттар есту үшін) бұрылды. Сол кезде қолының саусағын құлағына тығып алған еді»[7]. (Сахих)

4. Азан айтқан кісі құбылаға бет түзейді. «Хайә алас салаһ» дегенде оң жаққа, ал «Хайә алал фалах» дегенде сол жаққа мойнын бұрады[8].

Әбу Дәуідте келген хадисте Муса ибн Исмағил былай дейді:

وقال موسى قال(أبو جحيفة) رأيت بلالا خرج إلى الأبطح فأذن فلما بلغ حي على الصلاة حي على الفلاح لوى عنقه يمينا وشمالا ولم يستدر..

«Әбу Жухайфа былай дейді: Біләл Әбтахқа шығып азан айтқанын көрдім. Ол Хайя алал фалах және Хайя алассалаһдегенде мойнын онға және солға бұрған еді. Денесін бұрған жоқ»[9]

5. Қамат айтқанда «хайә алал фалах» дегеннен кейін, «қад қаматис салати» деген сөзді қосу керек.

6.Азан созып айтылады, ал қаматты созбайды. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.у) Біләлға:

عن جابر بن عبد الله ، أن رسول الله – صلى الله عليه وآله وسلم – قال لبلال : “إذا أذنت فترسل في أذانك ، وإذا أقمت فاحدر” 

«Азан шақырғанда азаныңды созып айт, ал қаматты тездет»[10]– деген болатын.

7. Қаза намаздарына азан шақырып, қамат түсіру сауапты. Егер бірнеше қаза намаз оқылатын болса, қаласа, әрқайсына азан шақырып қамат түсіреді, қаласа, алғашқыда ғана бір мәрте азан шақырып, қалғандарына тек қамат түсірсе де болады[11].

Тирмизи және Ахмадта риуаят етілген бір хадисте Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай дейді:

أن المشركين شغلوا النبي صلى الله عليه وسلم يوم الخندق عن أربع صلوات حتى ذهب من الليل ما شاء الله قال قال فأمر بلالا فأذن ثم أقام فصلى الظهر ثم أقام فصلى العصر ثم أقام فصلى المغرب ثم أقام فصلى العشاء

«Хандақ соғысында мүшриктер Алланың Елшісіне (с.а.у) кедергі келтіріп, төрт намазын қаза етуге мәжбүр етті. Сосын түннің белгілі бір уақыты өткен соң Алла Елшісі (с.а.у.) түнде Біләлға азан шақыруды бұйырды. Азан шақырылғаннан кейін қамат түсіріп, бесін оқыды, сосын қайта қамат түсіріп екінтіні оқыды, қамат түсіріп ақшамды, тағы қамат түсіріп құптанды оқыды»[12]

8. Азанды дәретсіз шақыру – мәкрүһ[13].

9. Қаматтың сөздері де, азандағы сияқты екіден қайталанып айтылады.

Байһақиде риуаят етілген бір хадисте сахаба Абдулла ибн Зәйд былай дейді:

ان عبد الله بن زيد الأنصاري جاء إلى النبي صلى الله عليه وسلم فقال : يا رسول الله ، رأيت في المنام كأن رجلا قام وعليه بردان أخضران فقام على حائط فأذن مثنى مثنى وأقام مثنى مثنى ، وأخرجه البيهقي

«Мен Пайғамбарымызға (с.а.у) келіп: «Уа Расулуллаһ! Мен түсімде бір адамды көрдім. Үстінде екі жасыл жамылғы киімі бар еді. Ол дуалға шығып азан шақырды, (азан сөздерін) екі-екіден[14]  айтты. Қаматты да екі-екіден (сөздерін) айтып түсірді».[15]


[1] Ихтияр – 1/71 бет.
[2] Ихтияр – 1/140 бет.
[3] Ас-Санағани, Мусаннаф – №1961-хадис.
[4] Тирмизи сүнәні – №198-хадис.
[5] Ихтияр – 1/143 бет.
[6] Мекке сыртындағы бір төбешік
[7] Ибн Мәжә – 329 бет/№711-хадис.
[8] Ихтияр – 1/143 бет.
[9] Әбу Дәуід, – 1/391 бет, 34 баб, №520-хадис.
[10] Әл-Хаким, әл-мустадрак, «Китабус Сала», (292) №760-хадис.
[11] Хисамуддин әр-Рази, Хүләса – 1/73 бет.
[12] Тирмизи – 1/194 бет, 132 – баб, №179-хадис.; Ахмад – 520.
[13] Хисамуддин әр-Рази, Хүләса – 1/73 бет.
[14] “Аллаһу әкбар”-деп екі рет айту бір рет болып саналады.
[15] Бәйһақи риуаят еткен.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Пікір қосу