Министрліктің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың 1 сәуіріндегі деректер бойынша нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 111 мың адам қамтылған. Олардың 71,9 мыңы, яғни 64,6% — жұмыссыз. Ал, 4,4 мың адам, яғни 4% — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бірінші бағыт бойынша техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді оқумен қамтамасыз ету көзделген.
«Жалпы, бұл бағдарлама аясында біз бұрын тек жаңа жұмыс берушілердің сұранысына қарай оқыттық. Мысалы, 2016 жылы республика бойынша 4 мың адам оқытылды, сол адамдардың 90% жұмысқа орналастырылды. Енді қазіргі бағдарлама кішкене өзгеше. Себебі, статистикалық мәліметтерге қарайтын болсақ, жұмыссыздардың 24% орта мектептік білімі бар да, техникалық кәсіби білімі жоқ. Ауылдық жерлерде ондай адамдарға ешқандай сұраныс болмайды. Олардың сол ауылда мал бағып, басқа диструктивтік идеяларға не болмаса қылмысқа кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан, қазіргі бағдарламаның мақсаты — адамдарға кәсіби білім беру. Сондықтан 2016 жылы 4 мың адамды оқытсақ, 2017 жылы 70 мыңнан астам адамды оқыттық. Нәтижесінде 70 мыңнан астам адамның — 55% жұмысқа орналастырылды», — деді Абулхатин Ерболат.
Оның айтуынша, бағдарламаның осы бағытымен былтырдан бері 20 170 адам оқып жатыр. Олардың барлығы мемлекет тарапынан шәкіртақымен, күнделікті бір реттік ыстық тамақпен және жолақымен қамтылған.
Сонымен қатар, осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша 9 мыңнан астам адам еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеру үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілген.