«Екі секунд өткен сайын әлемде бір адам қан құюға мұқтаж болып отырады. Сондықтан, бізге қан өткізуге келген адамдардың санына қарай мұқтаж адамдарға қан компонеттерін жеткіземіз. Әлбетте, соңғы уақытта қайтарымсыз қан өткізушілердің саны артып келе жатқанын атап өтуге болады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ақылы қан өткізушілер көбейіп кетсе, қазіргі таңда Қазақстанда қан өткізушілердің 95 пайызы қайтарымсыз өткізеді. Бұл қуантарлық жағдай. Осы көрсеткішті сақтап қалу үшін біздің мамандар БАҚ, әлеуметтік желілер, акциялар мен қан өткізу шаралары арқылы ауқымды түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді», — дейді ол.
Шайжамал Мұсабекованың сөзіне қарағанда, Қазақстанда күніне 150 донор қан өткізеді.
«Донорлар қан өткізгеннен кейін екі күн жұмыстан босату туралы анықтама және энергиялық қуатын қалпына келтіру үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 0,25 пайызындай ақша түрінде мемлекеттік кепілдендіру алады. Бұл 600 теңге ғана. Десе де, әлемдік тәжірибеде қайтарымсыз донорлық үшін ешқандай ақша төленбейді», — деді ол.
Орталық өкілі айтып өткендей, донорлар неғұрлым көп келген сайын алынатын қан компоненттері соғұрлым қауіпсіз бола түседі.
«Біз донорлар бір рет келіп қайтып кетпейтіндей жұмыс жүргізуге тырысамыз. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта жастар қан өткізуге көптеп ден қойып келеді. Егер әлеуметтік желіде қанның шұғыл керектігін естіп қалып жатса, жастарымыз бірден қан өткізуге әзір тұрады. Бірақ, бізге анағұрлым көп мөлшерде қанның қажеттілігі жоқ екенін атап өткіміз келеді. Біз тек өтінім бойынша жұмыс атқарамыз. Себебі, әрбір қан компонентінің жарамдылық мерзімі бар», — деп түйді Шайжамал Мұсабекова.