Жайық өңірінде 4 жатақхана салынғалы жатыр

Бүгінгі таңда 2250 студент жатақханаға мұқтаж. Жоғары оқу орындарының 500, колледжердің 1750 студенті туыстарында немесе пәтер жалдап тұрады. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Президенттің бастамасына сәйкес, жатақхана құрылысына көбірек көңіл бөліп, мемлекет пен жекеменшік әріптестігі қағидасында жұмыстанбақ.

Елбасының айтуынша, мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. Біз орта кәсіптік білім беретін оқу орындарының студенттеріне және ұстаздарға арнап 4 жатақхана салуды жоспарлап отырмыз. Биыл жобалық-сметалық құжаттама дайындайтын боламыз. Бұның барлығы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған білімнің салтанат құруына жол ашатын тетіктер, — деді әкім А.Көлгінов.

Облыс басшысының айтуынша, бүгінде облыстағы 26 колледжде дуальды оқыту принципі қолға алынған. Оған 78 кәсіпорын қатысуда. Жұмысшы жастардың өнеркәсіптік ортаға тез бейімделуі үшін 4 колледжде осы заманғы интерактивті 3D ақпараттық технологиялары кеңінен қолданылуда.

Білім ошағы мен өндіріс орнының өзара тиімді байланысының бір мысалы ретінде «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ін алуға болады. Мұнда 250 адам үш ауысымда еңбек етуде. Соның ішінде 88 маман Жайық өңіріндегі оқу орындарының түлектері. Зауыттың өзі 2017 жылы құны 5 млрд. теңге болатын 6500 дана трансформатор шығарған. Өнім өндіру көлемі соңғы екі жылда 100%-ға өскен. Зауыт өнімінің 95%  Ресей, Әзірбайжан және Армения мемлекеттеріне экспортталады. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы жаңадан 200 жұмыс орнын ашуды көздеп отыр.