Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов баяндама жасады

Әлеуметтік негізгі мәселелерінің бірі халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Ағымдағы жылы 10 жалгерлік үй салынды. Ол жетімдерге, аз қамтылған отбасыларға, бюджет саласында жұмыс жасайтын қызметкерлерге берілді. Ағымдағы жылға 174 гектар жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік инфрақұрылымның құрылысын аяқтауға 100 млн.теңге, 12 елді мекендерде учаскелік полиция пунктерінің жаңа құрылыстарын жүргізуге 274 млн.теңге, Шарын мен Ақтам ауылдарында әкімшілік ғимараттарының жаңа құрылысына 173 млн.теңге қарастырылды.

Жиында аудандағы үлкен мәселелердің бірі жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер теліміне ауданда 5338 адам кезекте тұрғаны айтылды. Кезекте тұрған Шонжы, Шарын, Үлкен Аксу, Тасқарасу ауылдарының тұрғындары. Осыған байланысты инженерлі-коммуникациялық желілерінің құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттарын жасатуға 78,4 млн.теңге бюджет бөлінді.

«25 елді мекеннің 21-і орталық су жүйесімен қамтамасыз етілген. 2017 жылы 2 елді мекенде Ардолайты және Кепебұлақ ауылдарында ауыз су құрылысы аяқталды. Қырғызсай ауылында жұмыс 90 %-ға аяқталды. Нысан келесі жылы беріледі», — дейді Ш.Нурахунов.

Сондай-ақ, өткен жылы 16 миллион теңгеге ауданның 25 елді мекенінің жолдарын паспорттау жүргізілді. Бұл жолдардың ұзындығы 465 шақырымды құрап отыр.