Алматы көшелерін жөндеуге 9 млрд теңге бөлінді

Алматыда биыл 89 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов мәлімдеді.

«Биыл Алматыда көшелерді орташа жөндеуден өткізуге 9 млрд теңге қарастырылған. Жалпы алғанда ұзындығы 150 шақырым болатын 89 көшеге орташа жөндеу жасау жоспарда тұр», — деді Мақсұт Исахов.

Былтыр ұзындығы 147 шақырым болатын 171 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Абай көшесін «Қалқаман» шағын ауданындағы Әуезов көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту бойынша жұмыстар аяқталып, 2 учаске пайдалануға берілген.

«Бөкейханов — Солтүстік айналма көшелері қиылысындағы көлік жолайрығы» жобасы іске қосылып, Алатау ауданында — 10,9 шақырым, Наурызбай ауданында 17,335 шақырым жол салынды. 6 көпір мен Байтұрсынов көшесі күрделі жөндеуден өткізілді.

Қазір Жандосов көшесін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасуда. Қалада 230 000 шаршы метр асфальт-бетон жабындысы жөнделді.

Сондай-ақ, Мақсұт Исахов қаланың көліктік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 2023 жылға дейінгі іс-шаралар кешенінен тұратын жол қозғалысын ұйымдастырудың кешенді сызбасы (ЖҚҰКС) әзірленгенін жеткізді.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version