Жыл бойы оқуда, шығармашылық пен қоғамдық өмірде, ғылымда және спортта үздік атанған талантты да дарынды студент-жастар марапатталды. Бойдағы қабілеті мен білімін ұштастырып, ерекшелене білген студенттерді оқу жұмысы жөніндегі проректор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нұркен Губашев құттықтады.
Сіздердің алға қойған мақсаттарыңыз анық, жоспарларыңыз айқын. «Үздіктер мен белсенділер слетінде» университеттің, облысымыздың және еліміздің саяси-қоғамдық және мәдени өміріне белсене араласып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 400-ден астам студент-жас марапатталады. Университет ректораты әрдайым студенттерге қолдау көрсетеді. Өйткені, жастардың оқуына істелген қамқорлық ешқашан өз маңызын жоғалтпайды, — деді ол.
Одан әрі Н.Губашев Президенттік шәкіртақы иегерлеріне, М.Б. Ықсанов атындағы шәкіртақы иегерлеріне, халықаралық және республикалық пәндік олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, «Biznes-Jastar» бизнес – инкубаторының қатысушыларына, студенттік жасақ сарбаздарына, спорттық және мәдени-шығармашылық байқаулары жеңімпаздарына және жақында өткен облыстық «Жаңа толқын-2017» шығармашылық фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған студенттерге алғыс хаттарды салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар «Бірінші курс — 2017» дәстүрлі факультетаралық байқауында «Ең үздік факультет» номинациясын жеңіп алған «Политехника» факультетінің деканы Асқар Бакушевке ауыспалы «Қыран» кубогын табыстады.
Машина жасау факультетінің 3-курс студенті, ҚР Президенті атындағы шәкіртақы иегері Абатов Сахи, машина жасау факультетінің 4-курс студенті, университет белсендісі Сапар Мөлдір және машина жасау факультетінің 4-курс студенті, ҚР Президенті атындағы шәкіртақы иегері Сарсенова Адель барша студенттер атынан сөз алып, университет ректоратына жастардың бастамаларын қолдап, білім алушыларға барлық жағдайды жасағандары үшін ризашылықтарын айтты. Шара университет өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласты.