Зеренді ауданы Бірлестік ауылының тұрғыны Бүркітбай Мұқажанов – «Бастау-Бизнес» жобасына қатысушылардың бірі. Ол сәуір айында аудан орталығына барып, жобаның бір айлық курсынан өтті. Ол жерде өзінің сүт бағытындағы ауылшаруашылығы кооперативін құру жобасын қорғап шығып, 5 млн. теңге көлемінде мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болған. Қазір оған жалпы сыйымдылығы 2 мың литр болатын сүт қабылдайтын бекет орнатты. Ауылдағы шағын қожалықтардың басын біріктірген Бүркітбай Мұқажановтың шағын шаруашылығы биыл алғаш рет ауылшаруашылығы коперативі ретінде жұмыс істеп отыр.
Ауыл тұрғыны Асылбек Мейрамов та «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша білімін жетілдіріп, мал шаруашылығын дамытуға арналған жобасын сәтті қорғап шықты. Нәтижесінде 4,5 млн. теңге несие рәсімдеп, 16 бас қара мал сатып алды. Ендігі жоспарым – мал өсіріп, етін, сүтін пайдаға жарату, — дейді.
Сәуір айынан бері Зеренді ауданы бойынша 131 адам «Бастау-бизнес» жобасы бойынша оқып шыққан. Оның ішінде 23 жоба ауылшаруашылығын қолдау қорынан, тағы 7 жоба «Зеренді инвест» серіктігі арқылы қаржылай қолдауға ие болып, жеке кәсіптерін бастады.
Атап өтейік, қатысушылар бизнес-жоспарларын құру, жеке кәсіптерін жүргізу мен бизнестің қыр-сырын үйреніп шығады. Сосын өз жобаларын қорғап, сертификатқа да ие болады. Егер ұсынған бизнес-жоспарлары оң баға алса, онда қаржылай көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта бұл жоба Зеренді, Атбасар, Ерейментау, Бұланды және Шортанды аудандарында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатыр. Келер жылдан бастап өңірдің барлық аудандарында қолға алынатын болады.