Ал, Кеңестер Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің этно-педагогикалық еңбектерін баяндайтын көшпелі көрмені Мәлік Ғабдуллин мұражайы ұйымдастырды. Сонымен қатар, ақкөлдік «Жас тұлпар» ақындар клубы облыстық әдебиет және өнер мұражайы қызметкерлерімен бірігіп, кездесу өткізді. Әсіресе, жас кітапханашылармен бірге келген танымал жазушылар мен ақындар клуб кездесуінің ажарын аша түсті. Әсіресе, жазушы Тұрсын Жұртбай, ақын Серік Тұрғынбек, ақын әрі сатирик Көпен Әмірбектерді көргенде шабыттана түскен жас ақындар бір-бір шумақ өлең жолдарын оқи жөнелді.
Республикалық форумның Ақкөл ауданынан бастау алуы бекер емес,- дейді ұйымдастырушылар. Себебі, облыс бойынша кітапханаға келушілер саны басқа аудандарға қарағанда біршама көп. Әрі бұл көрсеткіш жыл санап артып келетін көрінеді. Ақкөлдік кітапхана жетістігінің сырын білуге келген басқа өңірдің жас кітапханашылары олардың халықпен жұмыс жасау, кітапты насихаттау, мәдени құндылықтарды бағалау жұмыстарымен танысты. Тіпті, аудандық кітапхана оқырмандарымен ұйымдастырылған флеш-мобты көрген олар риза болысып, бірге билеп те алды.
Ақкөл ауданында бастау алған форум Бурабай ауданында жалғасын тапты. Бурабай өлкесінің тарихқа бай киелі жерлерін аралап, табиғатымен шабыттанған форум қатысушылары ағаш көшеттерін отырғызып та үлгерді. Енді, екі күндік форумды жас кітапханашылар пленарлық отырыспен қорытындылауды жоспарлауда.