Аудан әкімдігі туындап отырған осы түйіткілге байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аудан әкімдігінің мәліметі бойынша, Баймырза ауылдық округіне қарасты Шошқалы ауылына осы күнге дейін «Степняк су» коммуналдық шаруашылығы су жеткізіп келді. Ауыл тұрғындары пайдаланылған суға ақы төлемей қойғаннан кейін тіршілік нәрін тасымалдау тоқтатылды.
«Көкшетаугидрогеология» кәсіпорны «Өңірлік, геологотүсірілім, іздеу-бағалау және іздеу-барлау жұмыстары» бағдарламасы бойынша 2014-2015 жылдар аралығында Шошқалы және Үлгі ауылдарын жерасты су қорлары есебінен қамтамасыз ету мақсатында іздеу-барлау жұмыстарын жүргізді. Орталыққазақстандық өңіраралық комиссияның пайдалы қазбалар қоры бойынша өткен отырысында барлау жұмыстары жүргізілген барлық аумақтарда аталмыш елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге су қоры жеткілікті екені туралы қаулы шығарды.
Осыған орай, жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін облыстық бюджеттік комиссияға ақша бөлу туралы арнайы хат жолданды. Бұл сұрақтарды Еңбекшілдер аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімі бақылауға алды.
Ал нанмен қатамасыз ету мәселесіне келетін болсақ, ас атасын ауылдықтарға «Шәріпов» ЖК жеткізіп беруде. Баймырза селолық округінің әкімі Руслан Измайловқа ауыл тұрғындарын нан және нан өнімдерімен тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алу туралы тапсырма берілген болатын. Баймырза селолық округінің жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген жоқ.
Дегенмен, аудандық мақсаттағы жолдарды ұстап тұру үшін жыл сайын ақша бөлініп, оған ағымдағы жөндеу, яғни, шұңқырларды дұрыстау, шөптерін шабу және қардан тазарту сияқты жұмыстар атқарылады. Оған қоса, Баймырза ауылындағы Біржан сал көшесі жөнделді.