Елордада «Astana Marathon 2017» шарасы өтті

Биылғы марафон бұрынғы марафоннан өзгерек. Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесіне қарама-қарсы Р4 автотұрақ аумағында өткізілген шараға барлығы 5131 адам қатысты. Олар еліміздің 22 қаласы мен 19 шетелден келген. Арасында АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Германия, Италия, Кипр, Қытай, Ресей және өзге де елдердің азаматтары бар.

Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, ең жас қатысушы – 16 жаста, ал ең кәрі қатысушы – 80 жастағы қария болды. 72 жастағы астаналық Салтанат Түйтебаев мұндай шараларға жиі қатысып тұрады. Тіпті еуропалық марафондарда жеңіске жеткен. Оның бүгінгі мақсаты – өзінің нәтижесін барынша жақсарту. Кезекті атақты ол Испанияның Малагасында алуға тырысады. Тәжірибелі желаяқ елімізде осындай марафондардың өтіп жатқаны үшін қуанатынын айтты.

Салтанат Түйтебаев

«Қараңыздаршы, қанша адам жиналды! Бұл тамаша! Әлі есімде, алғашқы марафон 3 жыл бұрын өтіп, оған бар-жоғы 700 адам қатысқан болатын. Мен жүгірулерге белсенді қатысып тұрамын. Жылдан-жылға қатысушылар саны көбейіп келе жатқаны қуантады», — дейді Салтанат Түйтебаев.

Қатысушылардан 537 адам 42,2 шақырымға, 876 адам 21,2 шақырымға, 3718 қатысушы 10 шақырымға жүгірді. Мәреге 4618 адам келді. Олардың 483-сі  — 42,2 шақырымды, 788-і — 21,2 шақырымды, 3396 адам — 10 шақырымды еңсерді. Қатысушылардың 61 пайызын ерлер, қалған 39 пайызын әйелдер құрады.

Биылғы марафонды ерекше деп атауымызға себеп те бар. Оған әйгілі желаяқтар Саймон Кипругут Кируй (Simon Kiprugut Kirui), Генри Кипсанг (Henry Kipsang) пен Чебой Хильда Джепкогей (Cheboi Hildah Jepkogei) қатысты. Соған байланысты Astana Marathon ұйымдастырушылары жүгіру бағытын Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) маманымен келісе отырып бекітті. Ұзындығы 42,2 шақырым болатын бағытты халықаралық марафондар мен қашықтыққа жүгіру қауымдастығының (AIMS IAAF) маманы анықтады. Ол Астананың оң және сол жағалауын қамтыды. Әр бес шақырым сайын қатысушыларға су және банан берілді. 42,2 және 21,1 шақырымға жүгірушілерге изотониялық сусын ұсынылды.

17 қыркүйек күні Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварестің жекпе-жегі өтетінін марафон ұйымдастырушылары естен шығарған жоқ. Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен мәре мен сөреге LED-экрандар қойылып, жекпе-жектің тікелей трансляциясы көрсетілді. Осылайша, астаналықтар марафонға қатысушылар мен Геннадий Головкинге бір уақытта қолдау білдіру мүмкіндігіне ие болды. GGG кездесуі басталмай тұрып, 10 шақырымға жүгірушілер мен 21,2 және 42,2 шақырымға жүгірген ең жылдам атлеттер мәреге келіп алған болатын.

Марафонға қатысушыларды марапаттау салтанаты Геннадий мен Альварестің жекпе-жегі аяқталған соң болды. 42,2 шақырымға жүгіру бойынша бірінші орын кениялық саймон Кипругут Кируйға (Simon Kiprugut Kirui), екінші орын Генри Кипсангқа (Henry Kipsang) бұйырды. Ал үшінші орынды талдықорғандық Алмат Имашев алды. Әйелдер арасында үздік нәтижені Гүлжанат Жанатбек, Ақмарал Мейірман, Мария Киреева көрсетті. Оларды Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев марапаттап, құттықтады.

«Көптеген марафонға қатысып жүрмін. Астанада өткен жарыс көңілімнен шықты. 42 шақырымды 2 сағат 27 минутта жүрігіп өттім. Бірақ мен бұл жолы 2 сағат 11 минутта бағындырақ болғанмын. Алайда Астананың желі аздап кедергі келтірді. Бұл арманымды келесі жарыстарда орындаймын»,- деді Кениялық марафоншы Саймон Кипругут Кируй.

21,2 шақырымға жүгіріп, мәреге алғашқылардың қатарында жеткен Дана Айдосова бірінші орын, Ольга Богомольская екінші орын, Алейша Уон үшінші орын алды. Осы қашықтық бойынша ерлер арасында Алексей Гусаров (бірінші орын), Құдайберген Зейноллаев (екінші орын), Евгений Медведников (үшінші орын) алды.

10 шақырымға жүгіргендерден бірінші орын Бейбіт Серіковке, екінші орын Ерасыл Мұқатайға, үшінші орын Артём Чижевскийге бұйырды. Әйелдерден Жақсыгүл Мұсырмау, Евгения Булгакова мен Перрин Бера үздік деп танылды.

Айта кетейік, жеңімпаздарға дипломдармен бірге бағалы сыйлықтар, ақшалай сыйақылар берілді. 42,2 шақырымда оқ бойы озық келген Кипругут Кируй 850 мың теңге мен Air Astana авиакомпаниясының кез келген бағытқа авиабилетін ұтып алды. Ал екінші орынға 200 мың теңге, үшінші орын алғанға 100 мың теңге берілді.

21,2 шақырым бойынша бірінші келген қатысушы 60 мың теңге мен авиабилет алса, екінші орынға 50 мың теңге, үшіншіге — 40 мың теңге берілді.

10 шақырымда өз күштерін сынап, алдыңғы үштіктен көрінген қатысушылар 30 мың теңге мен авиабилет, 25 мың теңге, 20 мың теңге алды. Сондай-ақ, барлық қатысушылар марафонның медалімен марапатталды.

Марафон

Биылғы марафонға Кәрім Мәсімов, Әділбек Жақсыбеков, Серік Сәпиев, Владимир Винокуров, Людмила Прокашёва сынды атақты қазақстандық саясаткерлер мен спортшылар қатысады деп хабарланған еді. Алайда, аталған азаматтар қатысушылардың қатарынан көрінбеді. Тек премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев қана жүгірді.

Астана қаласының әкімі саясаткерлердің марафонға қатыса алмауының себебін түсіндіріп өтті.

«Биыл екі бірдей көлемді марафон ұйымдастырылды. Біріншісі — Шанхай Ынтымақтастық ұйымының марафоны. Оған көп адам қатысты. Ал, Астана марафонына шетелден көп қонақтар келді»,-деді қала әкімі.

Кәрім Мәсімов былтырғы марафонға қатысқан болатын. Әділбек Жақсыбеков болса, өткен жылы 42,2 шақырымға жүгіріп, көпшіліктің көңілінен шыққан еді.

Astana Marathon 2017 шарасын студенттер мен жоғары сынып оқушыларынан құралған 130 ерікті ұйымдастырды. Координатор Тоғжан Омашеваның айтуынша, олар «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің еріктілері екен. Тоғжан Омашева бұл өздері үшін «таптырмас мүмкіндік және тәжірибе» екенін атап өтті.

17 қыркүйек күні бұқаралық марафонның өтуіне байланысты Астананың бірқатар көшелерінде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Себебі жаппай жүгіру Рысқұлов көшесі, Қабанбай батыр даңғылы, Бұхар жырау көшесі, Мәңгілік Ел даңғылы, Сығанақ және Панфилов көшелері, Тәуелсіздік даңғылы, Нәжімиденов, Сарыкөл, Байтұрсынов көшелері, Қошқарбаев, Жұмабаев, Абылай хан, Момышұлы даңғылдары, Қонаев және Достық көшелері бойынан өтті. Бұл көшелердің бойымен көлік қозғалысы толығымен шектелді. Қоғамдық көліктердің де қозғалыс кестесінде өзгерістер болды.

«Бұл — спорттағы өте көңілді дәстүр. Қала әкімшілігі «Спорттық Астана» деп аталатын көлемді жобаны іске асырып жатыр. Жыл сайын осы марафонға үзбей қатысып отыратын әулеттер бар. Биылғы шараға үш қашықтық бойынша бес мың адам қатысты. Шетелдік қатысушылардың да жыл сайын саны өсіп, қатары артып келеді. «Астана марафоны» шарасының әлем бойынша танымалдылығы артып келе жатқаны үшін қуаныштымыз»,-деді қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылдың 26 қыркүйек айында Астанада алғашқы рет қашықтыққа жүгіру шарасы ұйымдастырылды. Одан 972 мың 994 теңге қаражат жиналып, қаладағы балалар үйі мен SOS Балалар ауылына аударылған еді. Оның ұйымдастырушысы әрі директоры Гауһар Брамлей-Фентон Астана қаласымен тоқтап қалмай, 2012 жылдан бері Алматыда, 2013 жылдан бері Лондонда да осындай шаралар өткізіп келеді.

«Бұл шараны өткізу үшін көп дайындалдық. Марафонға 4,5 мыңнан астам адам қатысуға ниет білдірді. Жарысқа қатысушылардың ең үлкені – 80 жаста, ең жасы -16-да. Сонымен қатар марафонға мүмкіндігі шектеулі азаматтар да қатысуда. Оларға тиісті жеңілдіктер жасалды», — деді шараны ұйымдастырушы Гауһар Брамлей-фентон.

2015 жылы Елордада алғашқы марафон өтті. 2009 жылдан бері барлығы 31 миллион 065 мың 458 теңге жиналып, еліміздегі қайырымдылық ұйымдарына берілген. Айта кетейік, марафонға қатысушылар 10 шақырымға жүгіру үшін 4000 теңге, ал 21,2 немесе 42,2 шақырымға қатысу үшін 8000 тенге төлейді.

2017 жылдан бастап Астана марафоны «Жыл қайырымдылығы» аталымын енгізді. Онда «Басқаруға болатын гипотермия» жобасына қаражат жинау үшін «Аяла» қоры таңдап алынды. Бүгінде жаңа туған нәрестенің гипортемиясы неонатологиядағы ең басты мәселелердің біріне айналған. Оны емдеудің ең тиімді жолы терапевтік гиптермия болып отыр. «Аяла» қоры осымен алтыншы жыл бойы Астанадағы қайырымдылық марафондарының бенефициары болып келеді.