Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстан...

Батыс Қазақстан облысында басылымдардың ғасырлық тойы өтеді

Соның бірі 2017 жылдың 14 қыркүйегінде Орал қаласында өтпек. Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар облыс басшылығы, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілі, республикалық және облыстық баспа басылымдарының бас редакторларының қатысуымен ұйымдастырылады.

Алдымен еліміздің қалалары мен өңірлерінен баспасөз саласын зерттеуге сүбелі үлесін қосып жүрген ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтеді деп жоспарлануда.

Басқосу барысында баспасөз тарихын зерттеу мәселелері талқыланып, арнайы ашылған «1911kz» сайтының таныстырылымы, сонымен қатар, газеттердің алғашқы жылдары латын қаріпімен басылған жинағының көрмесі өтеді.

Түстен кейін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында облыстық газеттердің 100 жылдығына арналған салтанатты шара болады. Шара барысында қазақтың көрнекті ақыны Қайрат Жұмағалиевтің 80 және облыстық газеттердің 100 жылдығына арналған «Нарын құмын аңсаған Қайрат ақын» атты республикалық жыр мүшәйрасының, газеттердің ғасырлық мерейтойына орай магистранттар мен студенттер арасында жарияланған курстық жұмыстар байқауының қорытындылары шығарылып, жүлдегерлер марапатталды.

Соңғы бес жыл ішінде облыстағы баспасөз тарихына байланысты он кітап жарық көрген екен, бұл аз табыс емес. Биыл «Қызыл ту» газетіндегі таңдаулы мақалалар іріктеліп, жеке кітап ретінде дайындалды.

Оған қоса әр жерде жатқан газеттердің 100 жылдық тігінділері жинақталып, электронды нұсқалары жасалды. Қазіргі кезде арнайы бөлме жасақталып, жүз жылдық тігінді қойылды. Соның ішінде латын қарпімен шыққан газет тігінділері де бар. Электронды нұсқалардың жасалуы Қазақстан Президентінің «Цифрлы Қазақстан» жобасымен толық үндеседі.