Басты бет Жаңалықтар 25 жыл ішінде Қазақстанға 957 мың оралман келді

25 жыл ішінде Қазақстанға 957 мың оралман келді

1991 жылдан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде 261 мың 104 отбасы немесе 957 мың 772 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды. Бұл еліміз тұрғындарының жалпы санының 5,5% құрайды.

Қазақстанға келген оралмандардың көпшілігі, яғни, 61,6% — Өзбекстаннан келген, сондай-ақ, 14,2% — Қытайдан, 9,2% — Моңғолиядан, 6,8% — Түрікменстаннан, 4,6% — Ресейден және 3,6% — өзге елдерден оралған қандастарымыз.

Олардың 21,2% — Оңтүстік Қазақстан облысына, 16,3% — Алматы облысына, 13% — Маңғыстау облысына, 9,4% — Жамбыл облысына, 40,1% — еліміздің өзге өңірлеріне қоныстанды.

Елге оралған қандастарымыздың 55,6% — еңбекке қабілетті жаста болса, 18 жасқа дейінгілері — 39,9%, зейнеткерлер — 4,5% құрайды.

Еңбекке жарамды оралмандардың 8,8%-ның жоғарғы білімі бар болса, 20,6%-ында орта арнаулы білім бар, 60,8% — жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 9,8%-нің білімі жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 24 қарашада Елбасы Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның көші қон мен халықты жұмыспен қамту салаларын әрі қарай жетілдіруді жүзеге асыруға бағытталған «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын.

Заңда этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ыңталандыру мақсатында:

— этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру. Оларға шетелдік азаматтарға қарағанда көші-қон полициясына хабарласу арқылы төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі;

— этникалық қазақтарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік пакет беру. Сондай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған оралманның әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Егер олар қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кететін болса, алған көмектерін Үкіметке қайтару міндеттері қарастырылған.

— оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін уақытша тұру ықтиярхатын алғаннан кейін 1 жылға дейін қысқарту көзделеді.

 

14 пікір

  1. Әрине жақсы көрсеткіш. Қалған 5 млн қазақ қашан жетер екен. Назарбаев қайдағы жоқ Сирия,түрік босқындарын әкелеміз дегенше, ата баба жерін аңсап жүрген дінімен тілі бір өз қазақ ағайындарды жинаса екен…

    • Дурыс айтасыз, оралман деген кім ? Қазақтар десе біреу тусінбей қалатындай.

    • Келе берсін келе берсін. Қазақ саны арта берсін

  2. Қазақты сыйлата білетін,ұлтын сақтауға ұмтылатын өкімет болу үшін,кәзіргі көзі ашық замандастардың ортақ үні керек.Олардың жерін аңсаумен талайы келмеске кеткенін көп қазақ елестете алмай жүр.Сол атып-асу заманы не орыстың тепкісіне түспей-ақ,кәзіргі күнде басын көтере алмай жүргендер қаншама,солардың орнына өзін қойып ойлануға да қабілетсіз

  3. Әрине аз оның үстіне билік ақша береміз үй береміз деп айтуының қажеті жоқ. оданда ОТАНЫҢА КЕЛ! деп қана үран тастасын тек келген қащақтарды өзекке теппесін азаматтықты кешіктірмей берсін шеттегі қазақтар жалқау емес. Тек қазақ билігі шын ниетімен құшағын жайса келіп кіруге дайын

  4. Өзбекістаннан өз бетімен көшіп келіп жатқан қандас бауырларымыз қаншама? Сол 61,6% -дың жартысынан көбі өз бетімен көшкендер, үкеметтен бір тиын алмаған, олардыда қосып жазғанғой.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version