Жарысқа қатысушылар алдымен «Нысанаға көздеу», «Қорғаныстағы снайпер» жаттығулары бойынша мергендіктерін сынады. Бұл сайыста қазақстандық әскери қызметшілер аз ғана қателіктер жіберу арқылы жоғары кәсіби шеберліктерін танытты.
Жарысқа қатысушылар үшін ең қиын тапсырмалардың бірі «Снайперлік биатлон» сайысы болды. Мұнда әскерилер белгіленген аралықты қабырға, үйінді, ор, тікенекті сым тәрізді кедергілерден өту арқылы бағындырулары керек болды. Сонымен қатар, қашықтықтан Макаров қаруымен, снайперлік винтовкалармен ату және граната лақтыру тапсырмаларын да орындады.
«Қарсыластардың барлығы мықты. Алайда тек ең мықтылары ғана жеңіске жетеді. Мұндай жарыстар жыл сайын өткізілсе, пайдасы көп болар еді. Әркім өз тәжірибесін толықтырады. Биыл да жақсы көрсеткіш танытқан командалар ішінде Ресей құрмасы мен Қытай елінің әскерилерін атауға болады. Сондай-ақ Өзбекстан құрамасы да жақсы дайындықпен келген. Дегенмен қазақстандық мергендер үздік деп танылды,» — дейді жарыс төрешісі майор Дәурен Ержанов.
Атап өтейік, биыл «Мерген шебі» байқауына қатысушылар саны артты. Өткен жылғымен салыстырғанда жаңа қатысушы мемлекеттер қатарға қосылды. Олар: Өзбекстан, ОАР, Тайланд, Бангладеш және Әзірбайжан Республикасы.
Еске сала кетейік, «Мерген шебі» байқауы «Отар» аймағындағы 40-әскери базасында өтті.