Оралға жаңа оқулықтардың жартысы жеткізілді

Күні бүгін қалаға  жаңа оқулықтардың 50 пайызы жеткізілді. Қалған жартысы 1 қыркүйекке дейін келеді деп күтілуде. Жаңа оқулықтарды сатып алуға бюджеттен 750 млн. теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар даярлық сыныптарына және бірінші сыныптарға арналған жұмысшы дәптерлері де жеткілікті көлемде келіп түскен.

«Бастауыш сыныптардағы оқулық, дәптер мәселесіне ата-аналар алаңдамаса да болады. Ал ұл-қызы 2, 5, 7 сыныптарда оқитын  ата-аналарға сынып жетекшілері өздері хабарласып, он күн ішінде алуға мүмкіндік береді», — дейді Орал қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Батика Пайдина.

Одан бөлек, 1 тамыздан бастап педагогтар даярлық сыныбындағы 6 жасар ұландарды бірінші сыныпқа ауыстыруға болатындығы не болмайтындығы жөнінде қорытынды бере бастады.

Жаңа оқу жылында «әлжуаз» отбасынан шыққан балаларға мектеп асханасынан ауқаттану тегін. Ас-ауқатқа 68 млн. теңге, киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алуға 38 млн. теңге, ұландардың жазғы демалысына 11 млн. теңге бөлінді. Білім ошақтарының өздері де оқу жылына дайындықтарын пысықтап жатыр. Жөндеу жұмыстарының дені бітіп, ұстаздар біліктілік курстарынан өтті. Сондай-ақ педагогтар ағылшын тілін меңгеруге күш салды. Оның қажеттілігі сол — биыл қаланың 13 мектебінде жекелеген пәндер таза ағылшын тілінде оқытылмақшы.