Қазақстан ТМД көлеміндегі U.S. Amateur гольф турниріне қатысатын алғашқы мемлекет

Жастар арасындағы танымал гольфшы Дәулет Тілеубаев U.S. Amateur турниріне арналған біліктілік кезеңін жеңіп алды. Ол — аталған турнирдің финалына шыққан алғашқы қазақстандық гольфшы. Бұған дейін ТМД елінен бірде-бір адам бұл турнирдің финалына шыға алмаған еді, деп хабарлайды Ақпарат және спорттық хаб.

Биылғы біліктілік кезеңіне 48 мемлекеттен 7 149 гольфшы қатысуға өтініш білдірген. Олардың тек 248-і ғана финалға өтті.

Финал 14-20 тамыз күндері Лос-Анджелестегі Riviera Country Club мен Bel-Air Country Club гольф клубтарында өтеді. Ол бір аптаға созылады. Алғашқы екі күннен кейін жарыс жолында тек 64 гольфшы қалады.

Айта кетейік, қатысушылардың жасына, жынысына шектеу қойылмайды, алайда гандикап-индексі 2,4-тен жоғары болмауы керек.

U.S. Amateur — әуесқой спортшыларға арналған басты, әрі тарихы терең турнирлердің бірі. Ол жүз жыл бойы дәстүрлі түрде тамыз айында өткізіліп келеді. Джек Никлаус, Арнолд Палмер, Фил Микельсон сынды гольфшылар да осы турнир арқылы жұлдыздарын жаққан. Ал Бобби Джоунс атты гольфшы U.S. Amateur-де бес рет жеңіске жетсе, Тайгер Вудс үш жыл қатарынан бас жүлде алған спортшы ретінде танымал болды.