Шымкенттің Еңбекші ауданында жолдар жөнделіп, электр желілері жаңартылып жатыр. Биыл жаңа ойын және спорт алаңдары салынып, тұрғындарға арналған қоғамдық орындар көбейді. Ауданда тағы қандай жұмыстар атқарылды?
Аудан әкімі Досбол Есілбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2026 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Қазір Еңбекші ауданында 230 мыңнан астам адам тұрады. Ауданға 18 тұрғын алабы мен 11 шағынаудан кіреді. Ауыз сумен және табиғи газбен қамту деңгейі 97 пайызға, электрмен қамту 99,8 пайызға жеткен.
Электр желілері мен кәріз жүйесі жаңартылып жатыр
Биыл ауданда 6,29 шақырым электр желісі мен төрт трансформатор жаңартылды. Қарабастау және Жұлдыз тұрғын алаптарында қосымша төрт шақырым желі тартылды.
Базарқақпадағы қосалқы станцияға қуаты 25 мың кВт жаңа трансформатор орнатылды.
Сондай-ақ Базарқақпа тұрғын алабында 275 пәтер мен 400 жеке абонентке арналған кәріз жүйесі салынып жатыр. Ұлағат шағынауданында тұрғындарды кәріз желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде.
Қанша көшеге асфальт төселді?
2026 жылы 29 көшенің тұйық бөлігін асфальттау жоспарланған. Оның 24-інде жұмыс аяқталды.
Бұдан бөлек, 17 көшедегі 19,5 шақырым жол жаңартылып, 16 көшеге сегіз шақырым аяқжол төселді.
Жаңбыр суын ағызу үшін 20 мекенжайда 6,3 шақырым арық салу көзделген. Қазір 12 мекенжайдағы жұмыс аяқталды.
Өткен жылы 367 көше жарықтандырылған. Биыл жарық жүйесін жаңарту жоспарланған сегіз көшенің алтауында жұмыс біткен.
34 ойын алаңы пайдалануға берілді
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 46 жоба жоспарланған. Оның ішінде 34 балалар ойын алаңы, бес гүлзар және екі аяқжол құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар жоспарланған 12 спорт алаңының 11-і пайдалануға берілді. Қазір жаңа гүлзарлар салынып, Бадам өзенінің жағасы абаттандырылып жатыр.
Жаңа көпірлер мен төрт жолақты жол салынып жатыр
Момынов және Тленшин көшелеріндегі теміржол өткелдері пайдалануға берілді.
Базарқақпа мен Тұрдыабатты байланыстыратын Исраилов көшесінде ұзындығы 4,76 шақырым төрт жолақты жол салынып жатыр. Құрылыстың 65 пайызы аяқталған.
Бердіқожа батыр көшесінде Сайрамсу өзені арқылы өтетін 78 метрлік көлік көпірі салынуда. Демеушілердің көмегімен екі жаяу жүргінші көпірі тұрғызылды.
Сондай-ақ Қаратөбедегі №96 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдады.
Еңбекші ауданында жолдарды жөндеу, инженерлік желілерді жаңарту және қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары жалғасады. Жобалар тұрғындардың күнделікті тұрмысын жақсартып, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Елтай тұрғын алабында каналдың 910 метр бөлігі бетонмен қапталып, 1 700 метр су ағар науа орнатылды. Бұл жұмыстар су ағынын реттеуге және елді мекендегі инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған.
Алдағы уақытта да ауданның елді мекендерінде тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.