Шымкенттің Қаратау ауданында жолдар жөнделіп, инженерлік желілер жаңартылып жатыр. Биыл тұрғындарға арналған жаңа ойын және спорт алаңдары мен гүлзарлар салынды. Ауданда тағы қандай жұмыстар атқарылды?
2026 жылдың тоғыз айында Қаратау ауданында инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылды. Атқарылған жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аудан әкімінің орынбасары Жарылқасын Пазылбекұлы мәлімдеді.
Қазір ауданда 340 мыңнан астам адам тұрады. Қаратау ауданына 19 елді мекен мен 897 көше кіреді. Мұнда 33 мыңнан астам жеке үй және 668 көпқабатты тұрғын үй бар.
Ауыз су, жарық және газ мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Ауданда ауыз сумен және электр жарығымен қамту деңгейі 99 пайызға, табиғи газбен қамту 98 пайызға жеткен.
Достық тұрғын алабындағы су жүйелері мемлекет меншігіне қабылданды. Шапыраштыдағы су желілерін коммуналдық меншікке өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Ал Таскен, Сайрам және Гидрогеолог аумақтарын орталықтандырылған ауыз суға қосу үшін жобалау құжаттары әзірленуде.
Биыл алты елді мекен мен шағынауданда 12,3 шақырым электр желісі ауыстырылып, тоғыз трансформатор орнату жұмыстары жүргізілді.
Жылу маусымына дайындық кезінде Нұрсәт пен Астана шағынаудандарындағы сегіз нысанда 4,9 шақырым жылу құбыры жаңартылды. Орталықтандырылған жүйеге қосылған 541 көпқабатты үй мен 281 әлеуметтік нысанға жылу берілді.
Қанша көше жөнделді?
Биыл Қаратау ауданындағы 132 көше мен өткелге асфальт төсеу жоспарланған. Оның 117-сінде жұмыс аяқталды.
Сегіз елді мекенде 27 шақырым аяқжол салынып, 22 жерге жаңбыр суын ағызатын арықтар мен су қабылдайтын құдықтар орнатылды.
2025 жылы 534 көшеге жарық орнатылып, көшелерді жарықтандыру көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Қазір тұйық көшелер мен өткелдерде жұмыс жалғасып жатыр.
Жаңа ойын алаңдары мен гүлзарлар салынды
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 49 жоба жоспарланған. Оның 48-і аяқталды.
Жоспардағы 26 балалар ойын алаңының 25-і пайдалануға берілді. Үнемделген қаражатқа тағы төрт алаң салынып жатыр.
Сонымен қатар бес спорт алаңы мен 10 гүлзардың құрылысы аяқталды. Нұрсәт шағынауданында тағы бір гүлзар салынуда.
Ауданда сегіз тұрғын үйдің қасбеті жарықтандырылып, 10 көпқабатты үйдің қабырғасына жалпы аумағы 3 500 шаршы метр мурал салынды.
Жұмыспен қамту жоспары артығымен орындалды
Жыл басынан бері ауданда 2 547 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан. Жылдық жоспар 2 286 адам болған. Осылайша көрсеткіш 111,4 пайызға орындалды.
Сондай-ақ 380 ана мемлекеттік награда алды. Оның 100-і «Алтын алқа», 280-і «Күміс алқа» иегері атанды.
Атаулы әлеуметтік көмекке 1 031 адам өтініш беріп, 804 азаматтың өтініші бойынша оң қорытынды шығарылды. Өтініш саны былтырмен салыстырғанда 35,6 пайызға азайған.
Алдағы уақытта ауданда инженерлік желілерді жаңарту, жолдарды жөндеу және тұрғындарға арналған қоғамдық орындарды көбейту жұмыстары жалғасады.