Басты бет / Жаңалықтар /
Яндекс Go, такси
Фото: Кapital.kz

Такси қолданбалары істен шықса, жүргізушілерге ақша төлене ме?

Қазақстанда цифрлық платформалардың жұмысы тоқтап, тапсырыс қабылдай алмай қалған такси жүргізушілері мен курьерлерге өтемақы төлеу тетігін енгізу ұсынылды. Сонымен қатар сервистер ұзақ уақыт істемей қалған жағдайда азаматтардың табысын қорғау шараларын әзірлеу қажет. Мұндай бастаманы «Әділет» партиясының депутаттары көтерді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Цифрлық сервистегі ақау жүздеген мың адамның табысына әсер еткен

Депутаттар Гүлзира Атабаева мен Екатерина Смышляева бұл мәселені цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтар санының артуымен байланыстырып отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанда 35 интернет-платформа арқылы қызмет көрсеткен орындаушылар саны 956 мыңға жуықтаған.

Депутаттар мысал ретінде Yandex Go сервисінде болған техникалық ақауды келтірді. Оның салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлер белгілі бір уақыт аралығында тапсырыс қабылдай алмай, табысынан айырылған. Бұған қоса, кейбір орындаушылардың тапқан ақшасын шығарып алуда қиындықтарға тап болғаны туралы хабарламалар түскен.

Депутаттардың пікірінше, бұл жағдай бір ғана цифрлық платформаның жұмысындағы ақау жүздеген мың адамның еңбек ету мүмкіндігіне және күнделікті табысына әсер ететінін көрсетті.

Бұл жағдай бір ғана жеке цифрлық платформаның техникалық ақауы жүздеген мың азаматтың жұмыспен қамтылуы мен табысына тікелей әсер етіп, олардың бір мезетте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылуын көрсетті, – делінген депутаттық сауалда.

Депутаттар үкіметке үш ұсыныс жолдады

Осыған байланысты депутаттар үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді. Атап айтқанда:

  • платформалық жұмыспен қамтудың еңбек нарығына төндіретін тәуекелдеріне кешенді баға беру;

  • цифрлық платформалар жаппай істен шыққан жағдайда мемлекеттік органдар мен операторлардың бірлесіп әрекет ету жоспарын әзірлеу;

  • ұзаққа созылған техникалық ақаулар кезінде орындаушылардың құқығын қорғайтын тетіктер енгізу.

Ұсынылып отырған шаралар аясында азаматтарға техникалық ақау туралы жедел хабарлау, тапсырыс қабылдау мүмкіндігін қалпына келтіру және табысынан айырылғандарға өтемақы төлеу жолдары қарастырылуы мүмкін.

Депутаттар платформалық жұмыспен қамтуды дамыту кезінде азаматтардың жұмыс істеу мүмкіндігімен қатар, осы қызметтен түсетін табысының тұрақтылығын да ескеру қажет деп санайды.

Еске салайық, 11 қазанда таңертең Yandex Go сервисінде техникалық ақау болып, қосымша біраз уақыт жұмыс істемей қалған еді. Соның салдарынан такси шақырғысы келген тұрғындар inDrive сервисіне ауыса бастаған. Жолаушылар санының күрт артуы такси табуды қиындатып, жолақы құнының өсуіне де әсер етті.

Кейін жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Yandex сервистерінің жұмысына қажет кейбір технологиялық компоненттер шетелде орналасқанын мәлімдеген болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?