Басты бет / Жаңалықтар /
Темірлан Тілеулес, Азия ойындары, таеквондо
Фото: Olympic.kz

Алматыда таеквондодан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Алматыда таеквондодан (WT) ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Биылғы ел біріншілігіне 350-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Бұл – кейінгі бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ел біріншілігіне 350-ге жуық спортшы қатысып жатыр

4-6 қараша аралығында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан спортшылар жиналды. Үш күнге жоспарланған чемпионатта ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

Жарысқа әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері, Олимпиада ойындарының қатысушылары, сондай-ақ халықаралық додаларда Қазақстан намысын қорғап жүрген үздік спортшылар қатысып жатыр.

Шетелдік төрешілер мен ұлттық құраманың бапкерлері бақылайды

Чемпионатта барлығы 28 төреші жұмыс істеп жатыр. Олардың 10-ы – шетелден арнайы шақырылған халықаралық дәрежедегі мамандар. Атап айтқанда, Мысыр, Индонезия, Оңтүстік Корея, Польша, Панама, Иордания, Хорватия, Тунис, Сауд Арабиясы және Қытай өкілдері жекпе-жектерге төрелік етеді. Шетелдік мамандардың қатысуы төрелік сапасын арттырып, жарыстың әділ әрі бейтарап өтуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар чемпионат барысын Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы бақылап отыр. Ирандық маман, жаттықтырушы-кеңесші Әли Таджик бастаған бапкерлер спортшылардың өнерін саралап, 2027 жылғы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын ұлттық құраманы жасақтауға дайындалып жатыр, — делінген хабарламада.

Жарыстың барлық жекпе-жегін Қазақстан таеквондо федерациясының ресми YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Жарыс бағдарламасы:

  • 4 қараша: ерлер – 54, 58 келі; әйелдер – 49, 73 және +73 келі.

  • 5 қараша: ерлер – 68, 74 және +87 келі; әйелдер – 46, 62, 67 келі.

  • 6 қараша: ерлер – 63, 80, 87 келі; әйелдер – 53 және 57 келі.

Еске салайық, Қазақстан таеквондошысы Темірлан Тілеулес Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында алтын медаль иеленіп, чемпион болды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?