Басты бет / Жаңалықтар /
түрме, қылмыс, сот, сотталды, колония
Фото: Depositphotos.com

«Туысыңды түрмеден шығарып беремін». Астаналық әйел алаяққа 40 млн теңге берген

Астанада әйел адам түрмедегі туысын босатуға көмектесемін деген алаяққа 40 млн теңгеге жуық ақша берген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ер адам алдымен қылмыстық істі оң шешуге көмектесетінін айтып 27 млн теңге алған. Кейін апелляциялық шағым арқылы мәселені шешуге уәде беріп, тағы 30 мың доллар сұраған

Астанада ер адам әйелді түрмеде отырған туысын босатуға көмектесемін деп алдап, одан 40 млн теңгеге жуық ақша алған. Сотта анықталғандай, ол танысының қылмыстық жауапқа тартылғанын біліп, туысына істің оң шешілуіне ықпал ете алатынын айтқан. Алайда оның мақсаты әйелден ақша алу болған.

Алдымен 27 млн теңге сұраған

2023 жылғы қаңтарда ер адам мен әйел ортақ танысы арқылы кездескен. Сол кезде ол қылмыстық істі шешуге көмектесетін адамы барын айтып, қызметі үшін 27 млн теңге сұраған. Оның сөзіне сенген әйел 20 қаңтарда делдалдар арқылы ақшаны беріп жіберген.

Алайда уәде орындалмай, әйелдің туысы 2,5 жылға сотталған. Соған қарамастан ер адам әйелді тағы да алдап, істі апелляциялық сатыда шешуге болатынын айтқан. Бұл жолы ол 30 мың доллар талап еткен. Әйел 2023 жылғы қыркүйекте сұраған ақшасын да берген, — делінген хабарламада.

Алаяқ 6 жыл 10 айға сотталды

Осылайша ер адам 27 млн теңге мен 30 мың долларды иемденіп, әйелге ешқандай көмек көрсетпеген. Кейін алданғанын түсінген әйел полицияға арыз жазған. Тергеу мен сот процесінен кейін ер адам 39 млн теңгені қайтарған. Сот оны 6 жыл 10 айға бас бостандығынан айырды.

Еске салайық, әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде 38 және 39 жастағы екі әйел ұлттық қауіпсіздік комитетінің атына кір келтіретін сөздер айтқан. Олардың бірі өзін «террорист» деп атаған. Артынша екі әйелді де полиция ұстады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?