Басты бет / Жаңалықтар /
IT, IT-маман, айтишник
Фото: Baribar.kz / ЖИ

Алматыда ЖОО бітірмей, қалай IT маманы болуға болады?

Алматыда бағдарламалау, цифрлық дизайн мен жасанды интеллектіні курстардан, тәжірибе сабақтарынан және комиюнити орталықтардан үйренуге болады. Baribar.kz жастарға арналған бірнеше жоба мен IT саласын үйрететін орындардың топтамасын ұсынып отыр.

Алғашында неден бастау керек?

Алдымен нақты бағытты таңдаған жөн: бағдарламалау, уеб-әзірлеу, дерек талдау, киберқауіпсіздік, UI/UX дизайн немесе ойын жасау. Тегін курстар мен сабақтар қай салаға бейім екенініңізді білуге көмектеседі.

Алматыдағы осындай алаңның бірі – Almaty Hub. Ол Astana Hub экожүйесінің филиалы ретінде кәсіпкерлік пен IT жобаларды дамытуға көмектеседі. Хабта Low Code School және No Code School бағдарламасы бар. Біріншісі кодты аз жазатын платформада өнім әзірлеуді, екіншісі сайт, қосымша мен чат-ботты кодсыз жасауды үйретеді.

Almaty Hub
Фото: astanahub.com

Startup Academy мен Startup School курсы технологиядағы кәсіпкерліктің негізін, нарықты зерттеу мен бизнес-модель құруды үйретеді. Freelance School халықаралық фриланс алаңында жұмыс істеуге бағытталса, Beta Career IT компанияларындағы жұмысқа қабылдау кезіндегі сұхбатқа дайындалуға көмектеседі. Жобаға қатысу шартын хабтан нақтылаған жөн.

Робототехника мен жасанды интеллектіні үйренуге болатын орталық

Қыркүйекте Алматыдағы Әуезов ауданында жастарға арналған 12-ші комиюнити орталық ашылды. Орталық аумағы – 400 шаршы метрғ Орталықта робототехника, 3D модельдеу және цифрлық контент әзірлеуге арналған арнайы аймақтар бар. Мұнда жастар дыбыс жазу студиясында, би залы мен білім беруге арналған кеңістіктерде уақыт өткізіп, пайдалы дүниемен айналыса алады.

Алматыдағы Әуезов ауданында жастарға арналған 12-ші комиюнити орталық

Орталықтағы жаңа бағыттың бірі – «AI Креатор» курсы. Қатысатындар жасанды интеллектіні қолданып контент жасауды, идея мен сценарий жазудан бастап визуал құру, дыбыс жазу мен монтажға дейін меңгереді. Орталықтағы сабақтар тегін өтеді.

Game Dev Zone – ойын жасауға қызығатындарға арналған

Бостандық ауданында да тәулік бойы істейтін комиюнити орталық ашылды. Ол Розыбакиев көшесі, 247/7 мекенжайында орналасқан. Аумағы – 450 шаршы метр. Кеңістікте білім беру, мансап жағынан даму, цифрлық технология және шығармашылық бағытқа қатысты курстар мен сабақтар бар.

Технологияға қызығатын жастар үшін мұнда Game Dev Zone аймағы қарастырылған. Онда компьютерлік ойын жасау, бағдарламалау, виртуал кеңістік құру және цифрлық дизайн бағытымен танысуға болады. Алда осы алаңда тәжірибе сабақтары, хакатондар мен топтық жобалар өткізу жоспарланған.

Орталықта коуоркиң, ашық дәрістерге арналған амфитеатр, подкаст студиясы және Media Room да бар. Жастар мұнда өз жобасымен айналысып, команда жинап, жұмысқа орналасу бойынша кеңес ала алады.

IT мамандармен тәжірибе алмасу

IT саласына маманданып жүрген жастарға кәсіби ортамен араласқан да маңызды. Qazaq IT Community – жоба әзірлеушілерге, кәсіпкерлерге және технологияға қызығатын жандарға арналған қауымдастық. Олар түрлі кездесу, пікірталас, баяндамалар мен уоркшоптар өткізеді. Мәселен, 13 қарашада Алматыда Digital Day іс-шарасы өтеді. Бұл кездесу тәжірибе алмасуға және түрлі саланың өкілдерімен танысуға мүмкіндік береді.

Ал JasAlmaty порталында қаладағы тегін курстар, бос жұмыс орындары және жастар орталығы туралы ақпарат жарияланады. IT саласына қатысты курстар мен сабақтарды, оларға тіркелу шартын ресми сайт пен әлеужелідегі парақшасынан қарауға болады.

Идеяны стартапқа айналдыруға болады

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында Farabi Tech Hub бар. Бұл – ғылыми жобаларды дайын өнімге айналдыруға және түрлі стартапты дамытуға арналған орталық. Мұнда өз идеясын жүзеге асырғысы келетін жастар инкубация және акселерация бағдарламасына қатыса алады.

  • Инкубация – жаңа стартап идеясын бастап, оны дамытуға көмектесетін бағдарлама. Мұнда қатысушыларға идеяны нақтылауға, бизнес-жоспар құруға, өнімнің алғашқы нұсқасын әзірлеуге және мамандардан кеңес алуға көмектеседі.
  • Акселерация – дайын немесе бастапқы нұсқасы бар жобаны аз уақытта дамытуға арналған бағдарлама. Мұнда стартапты дамытып, нарыққа шығаруға, инвестор тартуға және клиент санын көбейтуге үйретеді.

Farabi Tech Hub

Орталықта робототехника мен жасанды интеллект бағытында жоба жасауға мүмкіндік бар. Орталық әл-Фараби даңғылы, 71/20 мекенжайында орналасқан.

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?