Басты бет / Жаңалықтар /
Олжас Бектенов
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бектенов Каспийдегі сарбаздардың қазасына әкелген кемшіліктерді айтты

Премьер-министр Олжас Бектенов Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде сарбаздар қаза болған оқиғадан кейін қорғаныс министрлігінде анықталған кемшіліктерді атады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Үкімет басшысы бұл туралы құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында жазды.

Оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмаған

Олжас Бектеновтің айтуынша, әскерде оқу-жаттығу өткізу кезінде орналасқан жерді белгілеу, әуеден бақылау және құлақтандыру технологиялары қолданылады. Қазақстан әскерінде әуеден бақылау үшін дрондар пайдаланылады. Ал күштік құрылымдардың жекелеген бөлімшелерінде геолокацияны анықтауға және әскери қызметшілердің физиологиялық жағдайын бақылауға арналған жеке құрылғылар бар.

Үкімет басшысы күштік мемлекеттік органдар «Қазгидромет» РМК-мен байланыс орнатқанын айтты. Бұл жүйе арқылы ауа райының болжамды өзгерістері мен дауылды ескертулер туралы ақпарат тұрақты түрде жеткізіледі.

Күштік мемлекеттік органдарда «Қазгидромет» РМК-мен байланыс жолға қойылған, ол бойынша ауа райының болжамды өзгерістері мен дауылды ескертулер туралы мәліметтер тұрақты түрде хабарланады, – дейді Олжас Бектенов.

Оның сөзіне қарағанда, Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға әскери оқу-жаттығуларды жоспарлау мен өткізу кезінде жүйелі проблемалар бар екенін көрсеткен.

Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру барысында оқу-жаттығу барысын бақылау, қауіпті жағдайларды бағалау және жағдай өзгерген кезде жедел әрекет ету бағыттарында кемшіліктер анықталған.

Нақтырақ айтқанда, қауіпті факторларға жеткілікті көңіл бөлінбеген, қауіпсіздік талаптары сақталмаған және оқу-жаттығулардың қауіпті кезеңдерін тоқтату туралы шешімдердің уақытылы қабылдануына тиісті бақылау болмаған, – делінген үкімет басшысының жауабында.

Әскери реформа жоспары әзірленді

Олжас Бектенов президенттің тапсырмасына сәйкес жауапты органдар әскери реформа жоспарының жобасын әзірлегенін хабарлады.

Үкімет басшысының айтуынша, реформа әскери басқару жүйесін жетілдіруді және оқу-жаттығуларды жоспарлау тәртібін стандарттауды көздейді. Бұл ретте әскери қызметшілердің қауіпсіздігін мүлтіксіз сақтау басты талаптардың бірі болмақ.

Еске салайық, биыл 24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығу кезінде 17 сарбаздың 14-і суға кетіп, қаза болған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?