Басты бет / Жаңалықтар /
Аружан Миравилдаева, жамбы ату, ұлттық спорт
Аружан Миравилдаева. Фото: Мақсат Шағырбай. Фото ЖИ-мен өңделді

«Бұрын қыздар ерлермен бірге жарысатын» — Жамбы атудан чемпион Аружан Миравилдаева

Ұлттық спорттың бірнеше түрін қатар меңгеріп, жамбы ату, түйе бәйгесі мен құсбегіліктен жарысқа қатысып жүрген жанның бірі — 21 жастағы Аружан Миравилдаева. Ол 2025 жылы жамбы атудан Қазақстан чемпионы болып, түйе бәйгесінде бірінші орын алған. Спортшы ат үстінде садақ атумен шектелмей, акробатика өнерін көрсетіп, түйе үстінде де түрлі трюк жасайды.
Baribar.kz тілшісі Аружанмен сұхбаттасып, ұлттық спорттағы жетістігі, жарысқа дайындық және ат пен түйені баптау әдісі туралы сұрады.

Түйеге мініп, акробатика өнерін көрсетеді

Аружан айналысатын негізгі спорт түрі — жамбы ату. Ол — Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. 2025 жылы осы спорт түрінен Қазақстан чемпионы болды. Ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде төрт жыл дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алған. Қазір мұғалім және Алматыдағы «Топжарған» этномәдени орталығында жұмыс істейді.

Спортшы ат үстінде акробатика жаттығуын жасап, жігіттік өнер көрсетумен де айналысады. Бұл өнер осылай аталады екен. Сонымен қатар түйеге мініп, садақ атып, акробатика өнерін көрсетеді. Оның негізгі жаттығуы Алматы ипподромында өтеді.

Аружан Миравилдаева, жамбы ату, ұлттық спорт
Фото: Аружан Миравилдаеваның жеке архивінен

Аружан кейінгі кезде Қазақстанда өтіп жүрген түйе бәйгесіне де қатысып жүр. Оның айтуынша, бұл жарыс елімізде кейінгі екі жылда қолға алынған.

2025 жылы Түркістан облысында түйе бәйгесі алғаш рет ұйымдастырылды. Сол жарыста бірінші орын алдым. Қазір келесі түйе бәйгесіне де дайындалып жатырмыз, — дейді ол.

Спортшының тағы бір өнері — құсбегілік. Ол бүркітшілердің жарысына тұрақты қатысады. Жақында Қазақстандағы белгілі құсбегі, бүркітшілердің ұстазы Әбдулкәрім Қошқаровтың 70 жылдығына арналған ашық турнирде үшінші орын алған.

Аружан халықаралық спорт жарыстарына әзірге шыққан жоқ. Дегенмен «Топжарған» құрамында шетелден келген сыйлы қонақтарға түрлі өнерін паш етіп жүр.

Біз көбіне халықтың алдында, үлкен іс-шарада өнер көрсетеміз. «Топжарған» этномәдени орталығының негізгі мақсаты — ұлттық құндылық пен спортты дәріптеу. Жақында Бельгия патшасы келгенде қонақтарға қазақ спортын таныстырдық. Осылай, халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатысып жүрміз, — дейді спортшы.

Бес жасынан атқа мінген

Аружан Жамбыл облысындағы Меркі ауданының Ағымен ауылында дүниеге келген. Бала кезінен ауылда мал бағып, атқа мініп өскен. Ал ұлттық спортпен кәсіби түрде айналысуға Алматыға келгеннен кейін бет бұрған.

Бес жасымнан бастап атқа мінемін. Алайда ұлттық спортқа деген әуестігім Алматыға келгеннен кейін ашылды. Ұстазым Ғабит Бердібайұлы маған садақ атуды, жамбы атуды, құсбегілікті үйретті. Жалпы, ұлттық спорттың барлық түрін үйренуге тырысамын. Осы салаға келуіме де сол кісі себепкер болды, — дейді Аружан.

Аружан Миравилдаева, жамбы ату, ұлттық спорт
Фото: Аружан Миравилдаеваның жеке архивінен

Жамбы атуда дәлдік пен жылдамдық қатар бағаланады

Жамбы атуда спортшы шауып келе жатқан аттың үстінен нысанаға оқ тигізуі керек. Жарыста тек мергендік емес, белгіленген аралықты қанша уақытта жүріп өткені де ескеріледі.

Аружанның түсіндіруінше, жамбы атудың төрт стилі бар: Азия, түрік, мажар және қазақ стилі. Әрқайсының ережесі мен белгіленген уақыты болады.

Мысалы, Азия стилінде спортшыға қашықтықты шауып өтуге 14 секунд беріледі. Ат бұл аралықты 10 секундта өтсе, үнемделген төрт секунд үшін спортшыға қосымша төрт ұпай жазылады. Демек, нысанаға тигізгені үшін жинаған ұпайға жылдамдық көрсеткіші де қосылады.

Бұдан бөлек, спортшы бірнеше нысанаға кезекпен оқ атып үлгеруі керек. Нысаналар, шамамен 20–25 метр аралықта орналасады. Сондықтан садақты дәл көздеумен қатар, шауып келе жатып келесі оқты дайындап үлгерген де маңызды. Одан кейін аттың жылдамдығы, спортшының ат үстінде өзін ұстауы есепке алынады. Әр нысанаға оқты салып, атып үлгеру керек, — дейді ол.

Ұлттық спортқа қызығатын жандар көбейген

Аружан Қазақстанда жамбы ату мен құсбегілікке қызығатын спортшылар көбейгенін, осыған орай бәсеке де күшейгенін айтып отыр.

Оның күнделікті жаттығуы тек өзін дайындаумен шектелмейді. Спортшы ат пен түйенің дайындығына, құстың бабына да жауапты. Сондықтан әр жарысқа бірнеше бағытта қатар дайындалу керек.

Аружан Миравилдаева, жамбы ату, ұлттық спорт
Фото: Аружан Миравилдаеваның жеке архивінен

Жамбы атудан арнайы жаттығуға, шамамен бір сағат жеткілікті. Бұл уақыт аттың шамадан тыс шаршап, қажып кетпеуі үшін де керек. Ал жануардың мінезін түсіну, жүрісіне үйрену, шабысын бақылау әлдеқайда ұзақ уақыт алады.

Біз тек өзімізді дайындамаймыз. Құсымызды, атымызды, түйемізді де дайындаймыз. Сондықтан бір-бірімізді сезінуіміз керек. Адам атты, ат адамды сезіп тұрғаны жөн. Қолымызға құсымызды ұстап, атқа мініп бірге жүреміз. Уақытымыз болса, таңғы сағат сегізден кеш батқанға дейін дайындаламыз, — дейді Аружан.

«Кез келген түйе мен атты түрлі өнерге үйрете аламыз»

Жамбы атуға арнайы дайындалған ат қажет болғанымен, Аружан бұл спортқа белгілі бір тұқымдағы жылқы ғана жарайды деген пікірге келіспейді. Оның айтуынша, бәрінен бұрын атпен үздіксіз жұмыс істеген маңызды.

Ең алдымен атқа мініп, оның мінезіне үйреніп аламыз. Неден үркеді, жүрісі, шабысы қандай — соның бәрін көреміз. Содан кейін оны өзімізге бейімдеп, садаққа үйретеміз. Алғашында жай жүріп келе жатып садақты ұстап жүреміз. Ат садақтан да, нысанадан да үрікпеуі керек. Түзу шабуға да үйретеміз. Әдетте бір-екі күнде ат пен адам бір-біріне үйреніп кетеді, — дейді спортшы.

Аружанның айтуынша, түйені баптағанда да осыған ұқсас тәсілдер қолданылады. Жануардың мінезін бақылап, оған жаңа қозғалыс пен жаттығуды біртіндеп үйретеді.

Бұрын Қазақстанда түйеге мініп, садақ атып, жігіттік немесе акробатика өнерін көрсететіндер болмаған. Мұны біздің орталық бірінші бастады. Сондықтан кез келген түйе мен атты да түрлі өнерге үйрете аламыз деуге болады, — дейді ол.

Аружан Миравилдаева, жамбы ату, ұлттық спорт
Фото: Аружан Миравилдаеваның жеке архивінен

Ұлттық спортпен кәсіби түрде айналысудың шығыны қандай?

Ат спортымен тұрақты айналысу үшін тек жаттығуға уақыт бөлген аздық етеді. Жылқыны күтіп-баптау, жем-шөбін алу, тұратын орнын дайындау және спорт жабдығын сатып алуға қаржы керек. Жамбы атуда садақ пен басқа да қажет заттың құны арзан емес.

Бұл спортпен айналысу үшін нақты бір форма киюдің қажеті жоқ. Бастысы, аяқ киімді дұрыс таңдау керек. Аяқта етік, баста дулыға (шлем) болғаны жөн. Атқа мінген жан қауіпсіздік ережесі бойынша, кішкентай аяқ киім кимеуі керек. Ал жарысқа қатысарда алатын садақ пен оққа, киімге, шамамен 500 мың теңге кетуі мүмкін. Бұл әр адамның талғамы мен таңдауына қарай өзгереді, — дейді Аружан.

Аружан ұлттық спортта нәтижеге жетудің маңызды шартының бірі жануарға дұрыс жағдай жасау дейді. Аттың қорегі жеткілікті, күтімі тұрақты, тұратын орны жылы әрі таза болуы керек.

Спортшының пікірінше, ешқандай ұйымнан немесе демеушіден қолдау алмайтын адамға жамбы атуды жалғыз табыс көзіне айналдыру қиын.

Жамбы атумен ғана айналысатын адамға ешкім қолдау көрсетпесе, қиын. Аттың күтімі қазір өте қымбат. Садақ пен басқа да дүниені арзанға алмаймыз. Сондықтан жарыс көбірек өтіп, жүлдесі жақсы болса, спортшыларға мүмкіндік артар еді. Ал жалғыз жамбы атумен айналысып, тек содан табыс табу екіталай. Мұнымен қосымша табысы болса немесе хобби ретінде айналысса, болады, — дейді Аружан.

«Ұлттық спортқа мемлекет тарапынан қолдау артса деймін»

Аружанның айтуынша, кейінгі кездке ұлттық спортқа көңіл бөлініп, түрлі жарыс өтіп, спортшыларды қолдау дамып келе жатыр.

Мәселен, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары секілді үлкен жарыс алдында спортшыларға арнайы оқу-жаттығу жиыны өтеді. Дегенмен спортшының пікірінше, ұлттық спортты халықаралық деңгейге шығару үшін мемлекет қолдағаны маңызды.

Қазір ұлттық спорт жақсы дамып келеді. Мемлекеттен қолдау бар, соның арқасында спортшылар да жетістікке жетіп жүр. Ұлттық спорт Көшпенділер ойындары сынды үлкен жарыстардың арқасында жоғары деңгейге көтерілді. Дегенмен спортшыларымыз талай белесті бағындыруы үшін, ұлттық спортқа мемлекет тарапынан қолдау артса деймін, — дейді Аружан.

Аружан Миравилдаева, жамбы ату, ұлттық спорт
Фото: Аружан Миравилдаеваның жеке архивінен

«Бұрын қыздар ерлермен бірге жарысатын»

Ұлттық спорттағы өзгерістің бірі — қыздар арасындағы жарыстың ұйымдастырыла бастауы. Аружанның айтуынша, жамбы атуда мұндай өзгеріс кейінгі екі-үш жылда байқалған.

Бұған дейін бірқатар жарыста қыздар ерлермен қатар сынға түсетін. Ал қыздарға арналған бәсеке ұйымдастырылса да, түрлі жастағы спортшылар бірге бақ сынасқан.

Бұрын қыздар ерлермен бірге жарысатын. Көп жағдайда жүлделі орынға іліне алмай қалатын едік. Кейін қыздарға бөлек жарыс ұйымдастырыла бастады. Қазір қыздар көп болған соң, үш жас санаты бойынша бөледі. Қатысуға мүмкіндігі аз болып, жігері қайтқан қыздар қайта жарысқа шығып, жақсы нәтиже көрсетіп жатыр, — дейді ол.

Қазір жамбы атудан жарыс жасөспірімдер, жастар және ересектер санаты бойынша өтеді. Аружанның түсіндіруінше, 14–15 жастағы спортшылар жасөспірімдер, шамамен 16–20 жас аралығындағылар жастар, ал 21 жастан асқандар ересектер санатына жатады. Дегенмен жамбы атуды үйренуге ниетті адам кез келген жаста жаттығуды бастай алады.

Қыздарға арналған жарыстар жамбы атумен шектелмейді. Аружанның айтуынша, биыл теңге ілуден қыздар арасында әлем чемпионаты өткен. Ол мұны ұлттық спорттағы маңызды өзгерістің бірі дейді.

Аружан алда Қазақстандағы жарыстармен шектелмей, халықаралық сайыстарға да қатысуды көздейді. Қазір ол әлем чемпионатына және 2028 жылы өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалуды мақсат етіп отыр.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Baribar.kz тазы асырайтын жалғыз қазақ қызы Меруерт Есеновадан сұхбат алған еді.  Оның Ақсауыт деген тазысы мен Тарлан деген тұлпары бар.

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?