Қазақстандық режиссер Арыстан Кауневтің «Тоқылдақ» атты дебюттік фильмі 26 қарашада үлкен экранға жол тартады. Жасөспірімдер арасындағы буллиң, құрдастардың қатыгездігі және ата-ананың балаға көңіл бөлмеуі туралы баяндайтын әлеуметтік драма көрерменге мектептегі зорлық-зомбылықтың салдарын көрсетеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Фильмнің басты кейіпкері – кластастары үнемі қорлайтын Олжас. Болған жағдайды анасына айтып бергені үшін құрдастары оған «Тоқылдақ» деген лақап ат береді. Алайда мектептегі әдеттегі жанжал көп ұзамай күрделі жағдайға ұласады. Қолдау таппаған жасөспірім ішкі күйзелісін жұмбақ дәптерге түсіре бастайды.

«Тоқылдақ» – режиссердің алғашқы толықметражды фильмі
Арыстан Каунев көрерменге Sheker сериалының авторларының бірі ретінде таныс. Сонымен қатар ол «Брат или брак», «Қазақша бизнес» және «Дәстүр: Теріс бата» секілді танымал жобалардың сценарийін жазуға қатысқан.
Режиссердің айтуынша, жаңа фильмінде де адамның ішкі өзгерісі мен моральдық күйзелісі тақырыбы қозғалады. Алайда бұл жолы оқиға жасөспірімнің басынан өткен жағдай арқылы өрбиді.
Sheker сериалында біз адамның моральдық тұрғыдан құлдырауын, оның біртіндеп құбыжыққа айналуын зерттедік. «Тоқылдақта» да осы тақырыпқа қайта ораламыз, бірақ бұл жолы оған басқа қырынан қарап, мүлде өзгеше жағдайларды көрсетеміз, – дейді режиссер.
Фильм авторлары туындының буллиң мәселесіне қоғам назарын аударуды мақсат ететінін айтады. Олардың пікірінше, балалар арасындағы мұндай проблемаларды шешу үшін ата-ана, мектеп және қоғам бірлесе әрекет етуі керек.

Фильмге белгілі актерлер түскен
Фильмде басты кейіпкер Олжастың рөлін «Тренер аға» жобасы арқылы танылған жас актер Магзаман Торенияз сомдаған. Ал оның анасының бейнесін актриса Толқын Нұрбекова экранға шығарды.
Балалардың пікіріне құлақ асып, олармен тең дәрежеде сөйлесу маңызды. Бәлкім, фильмді көргеннен кейін кейбір ата-ана баласымен қарым-қатынасына жаңаша көзқараспен қарайтын шығар, – дейді актриса.
Сонымен қатар фильмге Асель Акбарова («Эскорт»), Амина Оразбай («Папа умер в субботу»), Жасулан Айтен («Заманback»), Алмагуль Сагындык («Бақыт»), Кенжебек Башаров («7 қарақшы») және басқа актерлер қатысқан. Фильмнің бас продюсерлері – Анна Чакиртова мен Анара Жунусова. Олардың бұған дейінгі жобаларының қатарында жасөспірімдер тақырыбын қозғайтын «Приговор», «Чёрный двор», «Қара бекіре» және «Таргет» сериалдары бар.
«Тоқылдақ» фильмін 26 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрынан көруге болады.
Еске салайық, британдық комик Саша Барон Коэн «Борат» фильміне қатысты пікір айтып, Қазақстаннан кешірім сұрады.