Басты бет / Жаңалықтар /
Полиция көлігі
Фото: Ерқанат Аманкел

«Мессенджер арқылы тапсырма алған». Алматыда ірі көлемде есірткі тасыған курьер ұсталды

Алматының Наурызбай ауданында полицейлер синтетикалық есірткінің ірі партиясын анықтады. Күдікке ілінген 25 жастағы ер адам ұсталды. Көліктен және оның үйінен есірткіге ұқсас заттар табылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Каршериң көлігінен 30 орам табылды

Полиция мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері каршериң көлігін тексеру кезінде жолаушылар орындығынан сөмке тапқан. Оның ішінде скотчпен оралған 30 орам болған. Орамдардан ақ түсті ұнтақ тәрізді зат табылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, бұл зат мефедрон болуы мүмкін. Тәркіленген заттың жалпы салмағы бір келіден асқан.

Бұдан бөлек, күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде шамамен бір келі ұнтақ тәрізді зат салынған контейнер және өсімдік тектес зат салынған екі орам табылған. Соңғы заттың гашиш болуы мүмкін екені болжанып отыр. Оның жалпы салмағы шамамен 50 грамм болған.

Күдікті есірткі курьері болуы мүмкін

Полицияның хабарлауынша, алдын ала мәлімет бойынша, ұсталған азамат есірткі тарату желісінде курьер болып жұмыс істеген.

Ол мессенджер арқылы жасырын қоймалардың координаттарын алып, тыйым салынған заттарды алып кетіп, әрбір осындай тапсырмасы үшін ақы алған, – деп мәлімдеді полиция.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді. Олардың нақты құрамы зерттеу нәтижесінде анықталады.

Еске салайық, Астанада 30 жастағы бес ер адам есірткі заттарын печеньенің ішіне салып, тәулік бойы сатқан деген күдікке ілінді. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?