Жатыр мойны обыры мен адам папиллома вирусы (АПВ) арасында қандай байланыс бар?

Жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы ең кең таралған онкологиялық аурулардың бірі болып отыр. Дегенмен оның алдын алатын немесе обыралды өзгерістер кезеңінде анықтайтын зерттелген әдістері бар. Аурудың негізгі себептерінің бірі – адам папиллома вирусының (АПВ) онкоген қаупі жоғары түрлерінің ағзада көп уақыт сақталуы.

Baribar.kz Алматы онкологиялық орталығының клиникалық жұмыс жөніндегі директорының орынбасары, PhD Райхан Өлмесханқызы Болатбековамен сұхбат барысында АПВ мен жатыр мойны обырының алдын алу туралы маңызды мағлұматтарды тарқатты.

Жатыр мойны обыры қаншалық кең таралған?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) дерегі бойынша, жатыр мойны обыры бүкіл әлемдегі әйелдер денсаулығына әлі де айтарлықтай қатер төндіріп отыр.

ДДСҰ дерегі бойынша, 2024 жылы дүниежүзінде бұл аурудың, шамамен 604 мың жаңа дерегі анықталған. Ұйым дерегінше, бұл дерт әйелдер арасында ең көп кездесетін қатерлі ісіктердің ішінде бесінші орында тұр.

Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер денсаулығына төнген күрделі қатерлердің бірі. Әйелдердегі қатерлі ісік ауруларының ішінде бұл дерт сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Мұндағы сырқаттану көрсеткіші көбінесе 40–44 жастағы әйелдер арасында жиі кездеседі.

Жыл сайын1900+жаңа жағдай
Жыл сайын600+әйел көз жұмады
Кейінгі 20 жылда26%ауруға шалдығу көрсеткіші

Ұлттық дереккөздердің мәліметі бойынша, елде жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ден астам жаңа жағдайы тіркеліп, осы дерттің салдарынан 600-ден аса әйел көз жұмады. Кейінгі 20 жылда Қазақстанда бұл ауруға шалдығу көрсеткіші 26%-ға өскен.

Райхан Өлмесханқызының айтуынша, онкогинеколог тәжірибесінде жиі кездесетін екі жағдай бар: біріншісі – білінбей өтетін және тек профилактика мен скриниң арқылы анықталатын жатыр мойны обыралды патологиялары. Екіншісі – осы қатерлі ісік ауруының асқынған түрі.

«Негізгі қиындық – онкогинекологиялық аурулардың бастапқы сатыларында көбінесе ешқандай белгісіз, жасырын түрде өтуі. Әйел өзін толықтай сау сезініп жүруі мүмкін, бірақ ағзада патологиялық үдеріс әлдеқашан дамып жатады»,

– дейді сарапшы.

Адам папиллома вирусы жатыр мойны обырының дамуына қалай әсер етеді?

Халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарының дерегі бойынша, жатыр мойны обыры жағдайларының кем дегенде 95%-ы онкоген қаупі жоғары АПВ инфекциясымен байланысты. Дәл осы фактор аталмыш дерттің әйел денсаулығына төндіретін ең басты қауіп көзі екенін көрсетеді.

АПВ – 200-ден астам түрі бар вирустар тобы. Олардың басым бөлігі денсаулыққа айтарлықтай қатер төндірмейді, алайда кейбір түрлері онкоген қаупі жоғары түрлеріне жатады және әртүрлі АПВ-мен байланысты қатерлі ісік түрлерінің, ең алдымен жатыр мойны обырының дамуына түрткі болуы мүмкін.

АПВ инфекциясы өте кең таралған және көбінесе ешқандай белгісіз өтеді. Ол негізінен тері мен шырыш қабаттарының тығыз жанасуы, соның ішінде жыныстық қатынас арқылы беріледі, ал сирек жағдайларда босану кезінде анасынан баласына жұғуы мүмкін. Вирус тері мен аногенитал аймақтың шырыш қабаттарын, соның ішінде жатыр мойнын зақымдай алады.

Алайдa АПВ жұқтыру қатерлі ісік ауруы сөзсіз пайда болады дегенді білдірмейді. Дәрігер Райхан Өлмесханқызы атап өткендей, адам ағзасы көбінесе вируспен өз бетінше күресіп, оны жоя алады.

«АПВ-ның болуы аурудың міндетті түрде дамитынын білдірмейді. Көп жағдайда ағзаның иммун жүйесі екі жыл ішінде вирусты өздігінен жеңіп шығады. Әдетте, мәселе ең алдымен инфекция ағзада көп уақыт бойы сақталған жағдайда ғана туындауы мүмкін»,

– деп түсіндіреді сарапшы.

Жатыр мойны обыры қалай дамиды?

ДДСҰ мәліметінше, ағзаның иммун жүйесі дұрыс жұмыс істесе, созылмалы АПВ вирусының әсерінен жатыр мойны обырының пайда болуына шамамен 15–20 жыл қажет. Дегенмен иммунитетті төмендететін сырқаттар кезінде бұл мерзім едәуір қысқарып, дерт тез дамуы ықтимал.

«Жатыр мойны обыры бірден пайда болмайды. Бұл – біртіндеп жүретін күрделі кезең. Вирус жұққаннан кейін обыр дерті қалыптасқанша орта есеппен 15 жыл уақыт өтеді. АПВ инфекциясы ағзада көп уақыт сақталса, ол жатыр мойны жасушаларында аномальды (патологиялық) өзгерістерді тудыруы мүмкін. Оларды дер кезінде анықтап, емдемесе, бұл ауытқулар уақыт өте келе обыралды кезеңге өтіп, артынша қатерлі ісікке айналуы ықтимал»,

– деп түсіндіреді Райхан Өлмесханқызы.

АПВ мен обыралды өзгерістердің еш белгісіз өтетінін ескерсек, бұл қауіпті тек жүйелі түрде скриниңнен өту арқылы дер кезінде анықтай аламыз.

«Дерттің біртіндеп дамуы оны ерте сатыда анықтауға үлкен мүмкіндік береді. Скриниң арқасында ауру белгі бере қоймаған кездің өзінде ауытқуларды байқап, уақытында ем алуға болады. Сондықтан денсаулығыңызға шағымыңыз болмаса да, ұсынылған профилактикалық тексерулерден тұрақты түрде өткен жөн»,

– дейді Райхан Өлмесханқызы.

Жатыр мойны обырының даму қаупін қандай факторлар арттыруы мүмкін?

АПВ-ның онкоген түрлерінен болатын инфекцияның ағзада көп уақыт сақталуынан бөлек, темекі шегу және иммун жүйесін әлсірететін жағдайлар да аурудың даму қаупін арттыруы мүмкін. Райхан Өлмесханқызының айтуынша, денсаулығында созылмалы дерті бар немесе иммунитеті төмендеген әйелдер сақтық шараларын қатаң ұстанып, профилактикаға аса үлкен мән беруге тиіс. Ал профилактикалық тексерулерден жүйелі түрде өтпеу обыралды өзгерістердің кеш анықталу ықтималдығын арттырады.

Қауіпті факторлардың болуы дерттің сөзсіз пайда болатынын білдірмейді. Ешқандай қауіпті белгілер немесе факторлар байқалмаса да, профилактикалық тексерулерден тұрақты түрде өту қажет.

Жатыр мойны обырының алдын алудың қандай жолдары бар?

Бұл дерттің алдын алудың негізгі жолдары – АПВ-ға қарсы екпе алу, жүйелі түрде тексерілу және табылған ауытқуларды дер кезінде емдету.

Дәрігер кеңесі мен профилактикалық тексеру туралы иллюстрация

Вакцинация екпе құрамына енетін АПВ-ның ең көп тараған онкоген түрлерінен қорғаныш қалыптастыруға көмектеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, 2025 жылдың соңына қарай АПВ-ға қарсы вакцинация әлемнің 165 елінің ұлттық иммундау бағдарламасына енгізілді. Ал Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинация 2024 жылдан бастап Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне енгізілді.

Екпе қауіпті вирус түрлерінен қорғаса, скриниң арқылы ұлпадағы ауытқуларды ерте байқап, дер кезінде ем шараларын бастауға толық мүмкіндік туады. Бұл ретте сарапшы жатыр мойны обырының алдын алуға кешенді түрде қараудың маңызын ерекше атап өтеді.

«Халықты хабардар ету, вакцинация, скриниң мен уақтылы емді қамтитын кешенді тәсіл ғана тиімді нәтиже береді»,

– дейді Райхан Өлмесханқызы.

Мұндай тәсілдің тиімділігін ұлдар мен қыздарға АПВ-ға қарсы екпе егуді АПВ-скриниңімен ұштастырып отырған Аустралия тәжірибесі айқын көрсетіп отыр. Ұлттық стратегия бойынша, 2035 жылға қарай бұл қатерлі ісікті қоғамға қауіп төндіретін ауқымды мәселе ретінде түбегейлі жою жоспарланып отыр.

Жатыр мойны обыры скриниңі бағдарламасына қандай зерттеулер кіреді?

Қазақстанда 30 бен 74 жас аралығындағы әйелдер ұлттық бағдарлама аясында жатыр мойны обырына арналған скриниңнен төрт жылда бір рет тегін өте алады.

Скриниң барысында жасуша өзгерістерін анықтайтын жатыр мойны жағындысы цитологиялық тұрғыдан зерттеледі. Бұған қосымша онкоген қаупі жоғары АПВ түрлеріне тест тапсыруы мүмкін. Тексеру нәтижелерінен ауытқулар анықталған жағдайда, дәрігер кольпоскопия, қажет болған кезде биопсия тағайындай алады.

Райхан Өлмесханқызы бұл тексерудің басты мақсаты – шағымы жоқ әйелдерді қарап, ауру асқынбай тұрып, яғни обыралды өзгерістерді немесе дертті бастапқы кезінде анықтау екенін айтады.

«Бұл ретте АПВ-тестінің оң нәтижесі міндетті түрде обырдың бар екенін білдірмейді. Ол цитология мен өзге де тексерулердің қорытындысымен бірге жоспарлы бақылаумен шектелуге бола ма, әлде қосымша диагностика қажет пе, соны анықтауға мүмкіндік береді»,

– деп түсіндіреді Райхан Өлмесханқызы.

Неліктен бұл вирус ерлерге де қатысты?

АПВ инфекциясы әйелдер арасында да, ер адамдар арасында да кеңінен таралған және көбінесе ешқандай белгісі болмайды.

ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, 15 жастан асқан ер азаматтардың шамамен үштен бірінде жыныс жолдары арқылы берілетін АПВ-ның қандай дa бір түрі кездеседі, ал әрбір бесіншісінде онкоген қаупі жоғары түрлері бары анықталған. Ер адамдар да вирусты жұқтырып қана қоймай, аногениталь сүйелдер мен қатерлі ісіктің белгілі бір түрлері сияқты АПВ-мен байланысты ауруларға шалдығуы мүмкін.

«Халықаралық HIM зерттеуінің нәтижелері ер адамдардың өмір бойы АПВ жұқтыруға бейім күйінде қалатынын көрсетеді. Бұл ұзақ мерзімді профилактика шараларының маңызын көрсетеді»,

– дейді сарапшы.

Сондықтан АПВ-мен байланысты аурулардың алдын алу әйелдердің де, ер адамдардың да денсаулығы үшін бірдей маңызды.

Есте сақтауға тиіс маңызды жағдайлар

Жатыр мойны обыры бірден пайда болмай, баяу дамиды және алғашқы сатыларында мүлде белгісі болмады. Дегенмен заманауи зерттеу тәсілдері ауру асқынғанша, оның алғашқы өзгерістерін әлдеқайда ерте анықтауға мүмкіндік береді.

Райхан Өлмесханқызының пікірінше, ақпараттандыру жұмыстары қауіп-қатерлерді дұрыс бағалауға және дерттің алдын алу жолдарын ертерек біліп, қорғануға көмектеседі.

«Бүгінде әйелдердің ауру белгілері пайда болғанға дейін-ақ маңызды өзгерістер туралы білуге мүмкіндігі бар. Ауруды дер кезінде анықтау – емнің нәтижелі болуын қамтамасыз етіп қана қоймай, әйел денсаулығы мен өмір сапасын сақтап қалудың басты кепілі».